Үкімет басшысы мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды

45

Петропавл қаласындағы №4 мектепте орын алған оқыс оқиға үкімет отырысында қаралды. Онда оқу ордаларының бірінде 9 сынып оқушысы балтамен оқушыларға шабуыл жасаған болатын. Осыны ескерген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мектептерде қауіпсіздікті арттыру шараларын пысықтауды тапсырды.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың хабарлауынша, 13 ақпанда таңертең Петропавл қаласының полиция басқармасына №4 орта мектептің оқушыларына дене жарақатын келтіру туралы хабарлама түскен. Оқиға болған орынға жедел-тергеу тобы жеткен.

Марат Қожаев, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары: «Тексеру барысында күдікті (9 сынып оқушысы) 2-ші қабатта орналасқан әжетханада маскасын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, үш оқушыға шабуылдаған. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған. Қазіргі кезде 2 жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр, жағдайлары бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды».

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Петропавлда орын алған оқыс жағдай халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырды,- дейді Әлихан Смайылов

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек».

Бұл ретте Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді, денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды, оқу-ағарту министрлігіне ішкі істер және төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.