Ұлттық құрылтай — Жаңа Қазақстанның негізі

127

Ұланғайыр даласы бар, Алтайдан қарт Каспийді қамтыған қазақ мемлекеттігін сақтап қалуда, дала демократиясын қалыптастыруда Ұлттық құрылтайдың орны ерен болып келді.

Бүгінгідей алмағайып уақытта мемлекетіміздің тұтастығын сақтауда өлшеусіз еңбек сіңірген Құрылтайдың күн тәртібінен түспейтіндігі аңғарылып қалды. Өткен жылдың 16 маусымында Ұлытау облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті. «Ұлысымның ұйытқысы — Оңтүстік» өңірінен осы құрылтайға мүше болып қатысқанымды өз басым өмірімдегі биік белестердің біріне балаймын.

Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі болуы тиіс. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәлімдеді.

Мемлекет басшысы «Мемлекет таңдаған бағытты халықтың басым көпшілігі қолдайтыны өте маңызды. Біздің азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгерістер болады деп сенеді. Біз халыққа реформаларды жүргізу барысын ұдайы түсіндіріп отыруға тиіспіз. Қазірдің өзінде жаңғырту процесі біртіндеп бүкілхалықтық сипат алып келеді. Әрбір азамат жаңғыртудың әсерін сезінуге тиіс. Егер әркім елдегі өзгерістерге өзінің жеке ісі ретінде қарайтын болса, онда біз шынымен жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы түсінуі тиіс» деген болатын.

Осы Құрылтайда Жаңа Қазақстан — әділетті Қазақстанның негізі қаланды. Бұл еліміздің жарқын болашағы мен мұратын айқындаған айтулы оқиға болды. Мемлекет басшысының 2019 жылдан бері үрдісті жүргізіп отырған саясаты — еліміздің біртұтастығын нығайтып, әділетті, экономикалық және әлеуметтік жағдайы тұрақты әрі ұдайы дамып отыратын мемлекет қалыптастыру. Сол бағытта қажетті реформаларды ұсынып, оларды дер кезіне жүзеге асырып келеді.

Ұлттық құрылтайдың мүшелері — халықтың көкейіндегі жүрген, қоғамдағы маңызды мәселерді айтып қана қоймай, сол мәселерді шешу жолын да білетін азаматтар. Алдағы уақытта олардың жұмысын жандандыра түсу керек. Ұлттық құрылтайдың ел ішіндегі насихатын да қолға алған жөн.

Ұлттық құрылтай мүшесі, Шымкент қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан ӘЛТЕЕВ.