Данабек Исабеков: Шымкентте 215 көшеге жарықшам орнатылады

169

«Amanat» партиясынан бірмандатты сайлау округтері бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Данабек Исабеков үгіт-насихат жұмыстарымен Қызылжар елдімекенінде болды. Онда 40-қа жуық халықпен кездесіп, «Amanat» партиясының және өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Сонымен қатар, азаматтардың тарапынан қойылған сауалдарына жауап беріп, бірқатар ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жергілікті халықтың көтерген негізгі мәселесі инфрақұрылым саласына қатысты болды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелерге жарықшамдар орнату жайы сөз болды. Сондай-ақ, елдімекен ішіндегі суағарлар мен арық-атыздарды қалпына келтіру және кәріз жүйелерін тарту туралы да ұсыныстар айтылды. Одан бөлек, шағынауданда автотұрақтардың жетіспеушілігі де күнделікті тіршілікке айтарлық кедергі келтіруде дейді тұрғындар.

Өз кезегінде Данабек Ержанұлы халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында «Amanat» партиясының 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасында қамтылған біршама бағыттарға тоқталып өтті.

«Қала орталығынан шеткері орналасқан елдімекендердің орталық көшелері мен әлеуметтік нысандарына баратын жолдары жарықтандыруды қажет етеді. Ол сөзсіз. Бүгінгі таңда қалада 747 көше бар. Оның ішінде 532 көше немесе 57 пайызы жарықтандырылған. Осы ретте 2027 жылға дейін 215 көшені жарықтандыру көзделуде. Ал, кәріз жүйесіне келер болсақ, қаланың орталығы кәріз жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Шахардың шетіндегі 81 елдімекеннің 24-інде кәріз желісі бар. Қала бойынша көрсеткіш – 60%, яғни, 711,9 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта 41 елдімекенді кәріз жүйесіне қосуды назарға аламыз», – деді Данабек Ержанұлы.

Сондай-ақ, қызылжарлықтар елдімекенде балалар ойын алаңшаларының жоқ екенін де жеткізді. Осы және өзге де мәселелер хаттамаға енгізілді. Алдағы уақытта тиісті орындарда көтеріп, бюджетке енгізуге ықпал ететінін жеткізді Д.Исабеков.

Дұрыс таңдау – сенімді болашақ!

«Amanat» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі №6 сайлау округі бойынша үміткер Д.Е.Исабековтың Жеке қорының қаражатынан төленді.