Қазақ-өзбек шекарасында кептеліс. Жаз айларында жағдай тіптен қиындауы мүмкін. Өйткені екі ел арасындағы 3 бірдей өткізу бекеті кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты жабық тұр. Оның үстіне биыл Қазақстан мен Өзбекстан арасында алыс-берісі артады — деген жоспар бар.
Олай болса, өткізу бекеттерін 600 мың жүк көлігі кесіп өтуге тиіс. Былтыр бұл көрсеткіш 500 мыңның шамасында еді. Қазір кеден бекеттерінің екі жақтан да жабылуы жағдайды қиындатқан.
«Жібек жолы» бекеті күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Ал оған жақын маңдағы «Қапланбек» былтыр қараша айында жабылған. Келер жылға дейін толыққанды жаңғыртылып, содан соң ғана ашылуға тиіс. Мамандар биылғы туристік маусымда Өзбекстанға көлікпен шығу қиындық тудыратынын айтады. Себебі шекарада 4-5 сағаттап тұруға тура келеді. Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан арасында 11 кеден бекеті бар. Оның үшеуі теміржол, қалғаны жеңіл және жүк көліктеріне арналған.
Ғалымжан Қыстаубаев, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің Өзбекстандағы ресми өкілі: «Қаңтар айынан бері Қазығұрт, Атамекен, Тәжен бекеттерінде жаңғырту басталды. Және ол жерде жеңіл автоға, жеке тұлғалар мен салмағы 3 жарым тоннадан аспайтын көліктерге өтуге тыйым салынды. Бірақ жүк көліктері өтіп жатыр. 2023 жылы 600 мың жүк автокөлік өтеді деп жоспарлауда. Қазіргі таңда Жібек жолыда жеке автокөліктің кептелісі пайда болуда. Осыған байланысты азаматтарға жеке көлікті тастап, жаяу өту ұсынылады».