Биыл Қасиетті Рамазан айы 23 наурызда басталады. Осыған орай Шымкент қаласының бас имамы ораза ұстау ережесін түсіндіріп, Рамазан айының ерекшеліктері туралы ақпаратпен бөлісті. Биыл пітір садақа көлемі 535 теңге болып бекітілді. Сонымен қатар 30 күн оразада түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Биыл Қасиетті Рамазан айы 23 наурызбен 21 сәуір аралығында өтеді. Осыған орай Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов қала тұрғындарын оразаның ережесі мен тәртібімен таныстырды. Азық-түліктің ағымдағы жылдағы бағасы ескеріліп, пітір садақа көлемі 535 теңге болып бекітілді
Бақдәулет Абдрахманов, Шымкент қаласының бас имамы: «22 күні түнде ниет қылынып, 23 күні таңертең таңғы сәресі ішіліп, Қасиетті Рамазан айы басталады. Барлық мен мұсылманмын деген адамға жоғарыда айтылған аяттар дәлел ретінде келтіріліп, барлық мұсылман үшін Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау міндет етілді. Аятта егер сапарда болса, ауырып қалған адамдар кейін оразаны өтесін делінген. Рамазан айында көптеген адам қайырымдылық жасауға асығады»
Шымкентте 91 мешіт бар. Оларда күн сайын тарауих намазы оқылады. Сонымен қатар сауабы мол айда әртүрлі қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Соның бірі «Рамазан айында 1 тал ек» акциясы. Бұл қасиетті Рамазанның наурыз айына тұспа-тұс келуімен байланысты қолға алынған шара.
Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласының наиб-имамы: «Осы Қасиетті айда құлшылық қана қылып қоймай, қоғамға да пайдамыз тисін деп «Рамазанда 1 тал ек» деген акция ұйымдастырып жатырмыз. Жастарды кітап оқуға тарту мақсатында «Мешітке кітап сыйла» акциясын ұйымдастырып жатырмыз. Рамазат айы қайырымдылық, мейірімділік, шапағат айы болғандықтан қаламызда 6 жерде қайырымдылық жасайтын орталық ашып отырмыз. Яғни «зекет хаб» арқылы жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетеміз деген ниет бар»
Еске сала кетейік, өткен жылы қастерлі айдағы қайырымдылық шаралары аясында 34 мың тұрғынға көмек көрсетілген. Биыл да дәстүрден жаңылмай 45 мешітте «Рамазан шатыры» өткізіледі. Ал әр аудандағы орталық мешіттерде «Ораза қоржыны» шарасы ұйымдастырылмақ.