Түркістанда жергілікті тұрғыннан 2 қару мен 100-ден астам оқ тәркіленді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қару еш жерде тіркелмеген. Күдікті үйінде заң талаптарына сай келмейтін 1 ойық ұңғылы қару мен 1 дана 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық ұстап келген. Тәртіп сақшылары барлық мән-жайын анықтау үшін азаматты полицияға жеткізді. Қазір сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Гүлнар Абдужаппарова, Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы: «Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Созақ ауданының тұрғынын анықтап, оның үйіне тінту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің үйінен заң талаптарына сай келмейтін қару мен 100-ден астам оқ және 6 дана атылған оқ алынды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді».
Одан бөлек полицейлер тағы бір тұрғыннан шолақ мылтық пен оқ тапты. Жедел уәкілдер күдікті мен «Дэу Нексия» маркалы автокөлігін тінту кезінде, қос ұңғылы шолақ мылтық пен 3 оқ тәркілеген.
Гүлнар Абдужаппарова, Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы: «Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Автокөлік айыптұраққа қойылды. Қазіргі уақытта қаруды заңсыз сақтау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр».