Шымкентте жеңілдетілген несие бағдардамасын түсіндіру мақсатында жұмыспен қамту орталығы ашық есік күнін ұйымдастырды. Шарада арнайы мамандар 2,5 пайызбен берілетін несиенің шарты мен талаптарын түсіндіріп, семинар-трениг өтті. Сондай-ақ келушілер жұмыспен қамту орталығында көрсетілетін өзге де қызмет түрлері туралы ақпарат алды.
Жастарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Қазірдің өзінде Шымкентте бұл көмектен үмітті 500-ге жуық адам кеңес алып, 20 жеке кәсіпкер құжат тапсырып үлгерді. Айта кетейік, несие кәсіп бастау үшін 21-34 жас аралығындағы жастарға 5-7 жылға беріледі.
Қанат Зиятов, Шымкент қаласы аграрлық несие коорпарациясының бөлім басшысы:
«Мал шаруашылығы бойынша 7 жылға несие береміз, басқа кәсіптерге 5 жылға береміз. Ал айналым қаражатын толықтыру үшін 2 жылға беріледі. Ол үшін өздерінің жеке кәсіпкерлік куәліктерін, қойылатын кепілдік заттарын, одан кейін несие тарихын әкелсе, құжат тапсырған соң қарап шешім қабылдап, несие береміз».
Биыл 2,5 пайыздық несиені 261 кәсіпкер алады. Ол үшін қазынадан 1 млрд 305 млн тг бөлінген. Ал нақты кімге берілетінін арнайы комиссия анықтайды. Құжат тапсырғаннан кейін шамамаен 20 күн ішінде шешім шығып, барлығы талапқа сай болса, қаржы өтінім берушінің шотына аударылады. Бүгін осы жобаны түсіндіру үшін Тұран аудандық жұмыспен қамту орталығында ашық есік күн ұйымдастырылып, семинар өтті. Шараға қала тұрғындары, оның ішінде кәсіп бастауға ниетті жастар қатысты.
Қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, жоба жастардың ұсынысы негізінде жүзеге асырылған. Сондықтан қазір қызығушылық танытып отырғандар қатары көп.
Балмаржан Нарбекова, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:
«Былтыр жастар тарапынан көп ұсыныс болды. Кәсіп бастайын десем, 1 млн теңге жеткіліксіз деген сияқты. Сол ұсынысты министрлікке ұсындық. Бұл үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Енді оны жүзеге асыратын агрокредит коорпорациясының қызметкерлері келіп, түсінікті тілде жастарға түсіндіреді. Негізі бұның қаражаты жұмыспен қамту басқармасында. Себебі бұл жоба министрліктің жобасы. Басқарма мен агрокредит басқармасының арасында келісім бар. Олар финансттық агент ретінде жұмыс жасайды».
Егер сіз де жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастағыңыз келсе, Д. Қонаев даңғылы 3/3 мекен-жайында орналасқан коорпарацияға барып, құжат тапсыруыңызға болады.