Инфрақұрылымы жоқ көмір жеткізушілер нарықтан шығарылады

47
Былтыр: 1 тонна көмір – 7 500-8 800 теңге

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов отандық көмір нарығы бойынша жол картасы әзірленгенін, ол бойынша көмір жеткізушілерге бірнеше талап қойылып отырғанын хабарлады.

«Көмір нарығында делдалдар рөлінің басымдығын байқап отырмыз. Оның соңы баға өсіміне алып келеді. Сонымен қатар өндірушілер мен жеткізушілерде көмір тасымалы бойынша проблемалар бар. Айта кетсек, халыққа көмір жеткізуде вагондардың аздығы мәселесі өткір тұр», — деді Рустам Ахметов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, көмір нарығында әзірленген жол картасы арқылы көтерме-бөлшек жеткізушілерге қойылатын талаптарды белгілеу көзделіп отыр.

«Біз нарықтан инфрақұрылымы жоқ делдалдарды алып тастауды мақсат етіп отырмыз. Тауар биржалары арқылы көмір өткізу арақатынасын реттемекпіз. Яғни көмір жеткізушілер үшін оны өндіруші компаниялардың шикізатына тікелей қол жеткізу мүмкіндігі артады. Көмір нарығында шоғырлануды төмендету жағы да қарастырылып жатыр. Мұнда ірі көмір кен орындарын бірлесіп пайдалану және көмір өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру жөніндегі мәмілеге келуді ұсынамыз», — дейді ол.

Бұған дейін бәсекені арттыру үшін елімізде жетекші әуе компаниялары бірнешеу болып бөліну мүмкіндігі айтылды.