Елде көмірдің бағасы шарықтап тұр. Қазір қатты отынның тоннасы 20 мың теңгеден саудаланып жатыр. Бұған жылыту маусымындағы жоғары сұраныс пен тасымалдау шығындарының көбеюі әсер еткен көрінеді. Осылайша Қазақстанда көмір өндірісі артқанымен, халықтың да, жылу орталықтарының да қажеттілігі азаймай тұр. Десе де, мамандар болашақта біртіндеп көмірден бас тартып, экологияға зияны аз энергия түрлеріне көшуді жоспарлап отыр.
Елімізде жыл басталғалы 84 миллион тоннадан астам тас көмір өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6% көп. Көмір негізінен Павлодар, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарында өндіріледі. Соңғы жылдардағы төмен көрсеткіштерден кейін саланың өсімі қайта жанданды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан жақын арада көмірден бас тарта алмайды, өйткені электр энергиясының 70%-ға жуығы көмірден өндіріледі.
Олжас Байділдінов, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сарапшылар клубының мүшесі:
«Бұл жерде қорқатын нәрсе жоқ, көмір мен күлді тазарту технологиялары бар. Бірақ олардың құны жоғары, сондықтан энергия бағасы атом энергетикасынан қымбаттап, киловатт-сағаты 60–70 теңгеге дейін жетеді. Біз мұндай тарифке бара алмаймыз, сондықтан экология бойынша қазіргі жағдайды қабылдауға тура келеді»
Дегенмен, Қазақстан бүгінде жаңартылатын энергияны белсенді дамытып, келесі онжылдықта атом энергетикасын қолдануды көздеп отыр.
Әнуар Қожабеков, Энергетика саласының сарапшысы: «Көмір генерациясы біртіндеп азаяды, бірақ бірден емес. Сондықтан атом электр станцияларын салу жолын таңдау дұрыс. Кіші АЭС жобаларын да енгізу қажет. Қазір жаңартылатын энергия үлесі шамамен 7%, бұл қысқа мерзімде жақсы көрсеткіш»
Осылайша алдағы уақытта көмірді қолдануды тоқтатып, таза энергия көздеріне көшуге тура келеді дейді сарапшылар. Себебі көмірді жағу, әсіресе үй қазандықтарында көмірқышқыл газының шығарындыларына әкеледі, сондықтан болашақта баламалы энергетика белсенді дамымақ.
Сергей Агафанов, Қазақстандық энергетикамен қамтамасыз ететін ұйымдар қауымдастығының төрағасы: «Бізде көмірдің 300 жылға жетерлік қоры бар. Десе де, көміртекті және органикалық отын дүниеде көп емес екенін ұмытпау қажет. Шамамен 100 жылдан кейін химия дамып, біз қорымызды одан да тиімді пайдалану жолын табамыз деген ойдамын»
Қорыта айтқанда Қазақстан жақын арада көмірден бас тартып, экологияға зияны аз энергия түрлеріне көше алмайды. Бірақ қазір энергетикалық болашақты айқындайтын шешімдер жасалып жатыр дейді мамандар.
Лаура Бабас






