Қоқыс өртегендер ірі мөлшерде айыппұл төлейді

87
Дала өрті ауыздықталды

Өрт тілсіз жау, алдын алу шараларын пысықтамаса қайғылы оқиғаларға әкеліп соғады,- дейді төтеншеліктер. Былтыр дендросаябағы аумағында орын алған өрт қайталанбас үшін мекеме, ұйымдар, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқу жаттығу шаралары қолға алынған. Демалыс аймағының басшысына әкімшілік шара көрілген.

Эльмира Ережепова, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «Дендросаябақтың директоры 45 мың теңге айыппұл төледі. Енді демалыс аймағында өрт болмайды деген үміттеміз».

Ағымдағы жылдан бастап қураған шөп, жапырақтар, қоқысты өртеген жеке және заңды тұлғалар үлкен мөлшерде айыппұл төлейді. Талап қатаңдатылды,- дейді сала мамандары.

Эльмира Ережепова, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «ҚР ӘҚтК-ның 336-бабы бойынша (қалдықтарды жинап қою немесе жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды сақтамау) әкімшілік жауапкершілік қатаңдады. Яғни, «ескерту» әкімшілік жауапкершілік алынып, айыппұлдардың мөлшері одан әрі арта түсті. Жеке тұлғаларға 20 АЕК (69 000 тг.) басталып, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК дейін (1 млн. 725 мың тг.) күшейтілді. 2022 жылы өрт қауіпті кезеңінде заңды және жеке тұлғаларға 13 айыппұл әкімшілік тәртіптік шарасы қолданылды».Дала өртіТөтеншеліктердің дерегі бойынша қала аумағында жалпы аумағы 12 980 га құрайтын егістік алқабы, 60 шаруа қожалығы орналасқан. Шымкент қаласында жалпы көлемі 6 мың. 286 га құрайтын «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысына қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары бар. Орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айларында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 53 шақырым, жергілікті автомобиль жолдарының бойларында 320,2 шақырым, орман қоры жерлерінде 300 шақырым және егістік алқаптарында 402,1 шақырым өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Эльмира Ережепова, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «Болуы мүмкін орман және дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында жалпы 40-тан астам ерікті өрт сөндіру топтары құрылды. Олар, 69 бейімделген қосалқы техникалары мен 14 өрт сөндіру мотопомпалармен жабдықталған. ТЖ департаментінде 24 бірлік техника және 100 адам жеке құрамы дайындыққа келтірілді».

Төтеншеліктер қалалықтарды мұқият болуға шақырады. Себебі, дала-орман өрті көп жағдайда сөндірілмеген сіріңкелер мен темекі қалдықтарын тастаудан және дала, орман алқаптарында бақылаусыз от жағудан орын алады екен.