Шымкенттік 40 сарбаз әскери борышын десанттық-шабуыл бригадасында өтейді

85

Шымкенттік 40 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Оқушылар сарайында ҚР Қарулы Күштері қатарына жас сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, Қарулы Күштер ардагерлері және әскерге шақырылғандардың туыстары қатысты. 

Шымкент қаласынан 40 азамат әскерге аттанды. Соның бірі дәл бүгін 19 жасқа толған Махамбет Нұрматов. Жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге өзі сұранған. Оның айтуынша әрбір азамат әскерге барып, елін қорғауы тиіс. Ол әскери билетін алған соң, берілетін жеңілдікті пайдаланып, медицина саласына оқуға түскісі келеді. Арманы білікті хирург атану.

Махамбет Нұрматов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Армияға бару әрбір еркектің борышы және Отан алдында қызмет ету керек. Егер біз жастар әскерге бармасақ, кім елімізді қорғайды. Жастарға айтарым әскерден қашқаннан гөрі Өз Отаны алдындағы борышын өтегені дұрыс деп ойлаймын»


Мұхамбет Сәуле Бабашеваның жалғыз ұлы. Басында баласын әскерге жібергісі келмепті. Алайда ұлының өзі сұранып тұрған соң, меселін қайтармай өз рұқсатын беріпті.

Сәуле Бабашева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Балам өз еркімен кетіп бара жатыр. Оған олай да бұлай да қал дедік. Өзі соны қалап, кетіп бара жатыр. Қорқынышым бар. Жалғыз балам, әкесі де жоқ. Басынан соққы алып еді. Қой десем де өзі қалап бара жатыр. Өзі шешім қабылдаған соң, мен де келісіп тұрмын»

Үшінші мегаполистік 40 сарбаз Қонаев қаласындағы десанттық-шабуыл бригадасына аттанды. Оларды ата-ана, бауырлары, қарулы күштер ардагерлері мен қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы салтанытты түрде шығарып салды.

Әбдіғабит Шегебаев, Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы: «Біздің Шымкент қаласынан жастардың бәрінің Отанға деген сүйіспеншілігі көрініп тұр. Өздері барамыз деп сұранып, Отан алдындағы борышын адал атқарамын деп біздің алдымызда ант беріп тұр. Кеше Білім министрі мен Қорғаныс министрі мемарандумға қол қойды. Енді бірінші кезекте күзде қайтатын сарбаздар әскери билетін алғаннан соң, тестсіз ЖОО-на түсе алады».

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын қолдау барысында жергілікті жерлерде ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Айта кетейік, Шымкенттен 18 бен 27 жас аралығындағы 200-ге жуық ер-азамат ҚР ҰҚК Шекара қызметіне шақырылды. Ал 900-ге тарта тұрғын жалпы көктемгі әскерге шақыру науқанында қатысады деп жоспарланған.