Шымкент қаласындағы Абай саябағы аумағында тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған митинг өтті. Іс-шарада 1995 жылдың 7 сәуірінде болған қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан 17 сарбаздың рухына тағзым жасалды. Еске алуға сарбаздардың көзін көрген қаруластары мен ардагерлер қатысып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Іс-шараға Ішкі әскердің ардагерлері, интернационал жауынгерлер және ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің жеке құрамы қатысты. Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң, жиынға қатысушылар сарбаздардың ерен ерлігін атап өтіп, тарихтан сыр шертті. Олардың айтуынша, тәжік-ауған қақтығысы талай тағдырды өзгерткен.
ӘБДІҒАППАР МӘДІБЕКОВ, ТӘЖІК-АУҒАН ҰРЫС ҚИМЫЛДАРЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ТӨРАҒАСЫ: «Былтыр 30 жылдықта қаза болған бауырларымызға республикалық деңгейде іс-шара атқардық. Енді жергілікті қаза тапқан бауырларымызды еске аламыз. Бұл күн Ерлік күні деп айтады. Ерлік күні. Бұл республика деңгейінде өтеді. 17 сарбазымыз 1995 жылы ерлікпен қаза тапқан».
Іс-шараны ұйымдастырушылар, қанды майданда ерлік көрсеткен азаматтардың есімі ел жадында мәңгі сақталуы тиіс дейді. Сондықтан, жастарды осы іс-шараға арнайы қатыстырып отыр. Мұндай жиындар жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, тарихты құрметтеуге үндейді.
РУСЛАН БЕКТҰРСЫНОВ, 6506 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҰМЫСТАР БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ: «Бүгінгі іс-шара өтуіне барлық тәжік-ауған шекарасында соғысқа қатысқан ардагерлеріміз келіп отыр. Және де Жасұлан әскери бөлімінің сарбаздары, мектеп оқушылары қатысып отыр. Бұл іс-шараға қатысу себебі, барлық жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Елімізді қорғауға, Тарихымызды білуге баулу».
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Естеріңізге сала кетейік, 1995 жылы Пшихавр шатқалы маңында болған ұрыс төрт сағаттан астам уақытқа созылған. Оқиға 17 сарбаздың өмірін қиып, тағы 33 жауынгерді жаралап еді.
Нұргүл Жолымбетова






