Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық фестивалінің ашылуына орай гала-концерт өтеді

60

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің шымылдығын ашқан Сайрам ауданы мәдениет күндерінің екінші күні өтіп жатыр.

Мұнда алдымен жасөспірімдер спорт түрлерінен, содан соң ақ жаулықты әжелер ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналады. Ұлттық тағам түрлерін таныстырып, ауызашар берілді. Дәстүрге сай жарамазан айтылып, ән-жырдан шашу шашты.
Кешті әрмен қарай ұлттық ойындар жалғады. Ұлттық киімдегі жастар алтыбақан теуіп, мақал-мәтел айтумен және жұмбақ жасырумен қыздыра түсті. Сондай-ақ қыз бен жігітті айтысы, жасырынбақ, жүзік салу, ақсүйек сынды төл мәдениеттің символы болған ұлттық ойындар ойналды. Қосыла ән шырқап, бишілер өз өнерімен көпшілікті тәнті етті.
Айта кетейік, күні кеше облыстың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған өнер фестивалі Этноауылда бастау алған болатын. Мұнда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмелері жасақталып, бұйымдардың жасалу барысын көрсетті.
Бүгін, 9 сәуір күні Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешені аумағында кешкі сағат 19:00-де фестивальдің ресми ашылуы және Гала-концерт өтеді. Әрі қарай 4 ай бойы аудан-қалалар алдын ала бекітілген кестеге сәйкес кезекпен келіп, өнерлерін көрсететін болады.