Úı ANONS «Бөржар» дауы: Тексеріс басталмақ

«Бөржар» дауы: Тексеріс басталмақ

Шымкенттегі Бөржар су қоймасында  қатысты мәселе туындады. Онда бір жағынан — халық жағымсыз иіске шағымданса, екінші жағынан — белсенділер «су ластанды» деп дабыл қағуда. Ал шаруалар болса, «су тоқтаса, егініміз күйіп кетеді» деп алаңдап отыр. Кімдікі дұрыс?

Шымкенттің іргесіндегі Бөржар жинақтағышы – қаланың тазартылған ағынды сулары жиналатын алып қойма. Мұнда 27 миллион текше метр су сыяды. Қыс бойы жиналған су жаз шыға Ордабасы ауданының шаруаларына егістік суғаруға беріледі. Алайда, қаңтар айында заңгер Қайрат Битасов нысанды тексеріп, дабыл қақты. Оның айтуынша, қоймаға жасырын құбыр тартылып, одан тазартылмаған лас су төгіліп жатыр.

ҚАЙРАТ БИТАСОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: «Біз бәрін таспаға түсіріп алдық. Бұрын көрініп тұрған құбырды қазір су басып кеткен. Сол жерден кәдімгідей лай, лас су ағып жатыр. Түсі қоңыр, жердің түсінен айнымайды. Мұны тіпті «су» деп айтудың өзі қиын. Ереже бойынша, тазартылған судың өзін бұлай ашық төгуге болмайды».

Заңгер бұл жағдай бойынша құзырлы органдарға, соның ішінде Жайлы ортаны дамыту басқармасына арыз жолдаған. Ондағылар мәселеге бейжай қарамай, істі бірден бақылауға алыпты. Нәтижесінде, 17 ақпан күні Ынтымақ ауылында барлық мүдделі тараптар жиналып, жағдайды талқылады.

ӘБЫЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бірнеше арыздар бар. Жағымсыз иістің үйлеріне келуі, ауаның ластануын айтып жатыр. Осы бойынша біз келіп отырмыз. Қазір Шымкент қаласы «Су ресурстары маркетингтің» кәріз жүйелері бойынша басшысы келіп отыр. Не себепті суды өткізгені жайлы жалпы айтып беретін болады».

Шымкент қалалық сарқынды суларды тазарту қондырғылары кешенінің басшысы Мейіржан Есенбековтің мәселеге қатысты өз айтары бар. Оның сөзінше, бұл жердегі басты мәселе – экология емес, жер теліміне қатысты түсініспеушілік. 1976 жылы бекітілген жоба бойынша, қазіргі «даулы» 145 гектар жер су қоймасының шұңқыры болуы керек болған. Бірақ 2019 жылы бұл жер «Жасыл белдеу» аумағына өтіп кеткен.

МЕЙІРЖАН ЕСЕНБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ САРҚЫНДЫ  СУЛАРДЫ ТАЗАЛАУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ КЕШЕНІНІҢ БАСШЫСЫ: «2019 жылы ол жерлер басқаның меншігіне өтіп кеткен. Бүгінгі таңда сол жер дау болып жатыр. Қазір ол жерді біз құрғатуымыз керек. Яғни қыста суды жазда ауыл шаруашылығына жарайтын суларды бостан босқа қазір біз оларды жіберуіміз керек».

Бұл даудағы үшінші тарап – Ордабасы ауданының диқандары. Олар үшін Бөржардың суы – жазғы шілдедегі жалғыз күнкөріс көзі. Егер қыста су жиналмаса, 17-ден астам шаруа қожалығы өнімінен айырылып, шығынға батады. Шаруалар: «Қыста суды жинамаса, ол елді мекендерді басып қалуы мүмкін, ал ондай жағдайда жазда бізге су жетпейді», – деп алаңдап отыр

СМАЙЫЛ СЕРІКБАЕВ, КӘСІПКЕР: «Жаңағы артық суды қайда жібереді. Сосын жазға бізге су жинай алмайды. Сонда 16-17 шаруашылықтың бәрі сусыз қалуы керек па? Соны түсінбей жатырмын».

Айта кетейік, тазартылған ағынды суларды техникалық дақылдарды суғару үшін пайдалану тәжірибесін еліміздің өзге де су арналары зерттеп жатыр. Сонымен қатар, Жайлы орта басқарма басшысының айтуынша, кешен қызметіне қатысты бірнеше бағыт бойынша тексеру тағайындалады.

Ботакөз Әнуар