Жеңіс күні қарсаңында ҰОС ардагерлеріне 4,6 млрд. теңге сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында: «Еліміздің барлық өңірлерінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге кемінде 1,5 млн. теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсету көзделген», — деп жазылған.
Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан және ҰОС кезеңінде жараланған, контузия алған, мүгедек болып қалған 222 адам, сондай-ақ ҰОС жеңісіне үлес қосқан басқа да 60 106 азамат тұрады. Олардың ішінде: Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 78 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 175 адам; ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 2 413 адам; ҰОС-да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 4 адам; тыл еңбеккерлері – 57 436 адам.
2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:
ҰОС қатысушылары үшін – 220 754 теңге (161 адам);
ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 229 286 теңге (61 адам);
басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т. б.) аумағындағы әскери іс-қимылдарының ардагерлері үшін – 215 201 теңге (25 752 адам);
жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 182 782 теңге (3 648 адам);
ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін – 140 838 теңге (14 424 адам);
ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 148 892 теңге (57 436 адам).
ҰОС кезінде майданға 1 млн. 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальмен және орденмен марапатталды. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет батыр атанды, 110 қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды – олар шайқаста қаза тауып, жаралар мен аурулардан қайтыс болып, хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады.