Еңбекші ауданы: 39 аулада балалар ойын алаңшасы салынады

33

Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін жандарға арнап, спорт алаңдарын салу қолға алынады. Сонымен қатар биыл Еңбекші ауданында 39 ауланың балалар алаңшасы жаңарады. Ол үшін бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінген.

Қала тұрғыны Мырза Ибрагимов бос уақытында есік алдындағы алаңға шығып, спортпен айналысуды әдетке айналдырған. Ол мұнда таңертең және кешке келіп, жарты сағаттан шынығады. 25 жылдан бері Еңбекші ауданында тұратын ел ағасы өмір сүру салтының жақсарғанын айтады.


Мырза Ибрагимов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Алаңды істегеннен бері азанда-кешке шығып, жаттығып жатырмыз. Жақсы болып қалды. Жарты сағат, 1 сағат осында келіп, жаттығып кетеміз. Балалар кешкі 10-11-ге дейін осында ойнайды».

Биыл Еңбекші ауданда «Халық қатынасатын бюджет» жобасы аясында 39 аула абаттандырылады. Ол үшін бюджеттен 600 млн. теңге бөлінген. Ал 14 ойын алаңы жергілікті кәсіпкерге тиесілі. Ол Ш.Уалиханов көшесі бойындағы 2 ойын алаңшасының құрылысын сәуір айында бастаған. Қазір ел игілігіне беріп отыр.

Ерболат Беков, мердігер: «Қазіргі таңда алаңшалар бітіп қалды. Тек майда-шүйде жері қалды. Сапасы жақсы, барлық стандарттарға сай жасалған. Сертификатталған. Балаларға ыңғайлы».

Сонымен қатар, прокуратураның тапсырмасына сәйкес барлық аулада ерекше күтімді қажет ететін жандарға арнап, жаттығу орындары салынып жатыр. Онда тұрғындар арбада отырып-ақ, дене жаттығуын жасауға мүмкіндік алады. Сала мамандары мұның бәрі қала халқының игілігі үшін жасалып жатқанын айтады

Еркебұлан Қаратұнов, Еңбекші ауданы әкім аппаратының инфрақұрылым бөлімінің басшысы: «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бұл жобаларды өткен жылы тұрғындардың өзі таңдаған еді. Соның ішінде ең көп дауыс жинағандары таңдалып алынды. Биыл 39 аулаға абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Соның ішінде қазір 26 аулаға балалар алаңшасы салынып жатыр. Одан бөлек 7 жерде кешенді уорк-аут пен жаттығу жасайтын орын салынатын болады»

Айта кетейік, балалар алаңын тек қала орталықтарында ғана емес, шалғай елдімекендерде салу қолға алынған. Атап айтқанда Елтай, Бадам-1, Базарқақпа, Тұрдыабад тұрғын алаптарында 7 ойын және спорт алаңшалары салынып жатыр.