Келесте суға батып кеткен 11 жасар қыздың денесі табылды

127

Келес ауданында 11 жасар қыз суға батып кетті. Оқыс оқиға аудандағы Абай ауылында орын алған. 8 мамыр күні, 4-сынып оқушысы сағат 17:00 шамасында «Ошақты» каналына құлап кетіп, қайта шыға алмаған.

Оқиға кезінде жасөспірімнің қасында болған құрбысы оның ойнап жүріп, абайсызда суға батып кеткенін айтқан. Жасөспірімді іздеу шараларының нәтижесінде кешкі сағат 21:20-да қыз баланың мәйіті, құлаған жерінен төмен қарай 5 шақырым жерден табылып, судан шығарылды.

Шыңғысхан Уатбаев, Келес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері: «Өз дос қызымен бірге Ошақты каналының маңында жүріп, абайсызда түсіп кеткен. Осы қызды іздестіру мақсатында ТЖБ 2 қызметкер, 19 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкер, полиция бөлімінен 8 қызметкер, жергілікті атқару органдардан 4 қызметкер және туыстардан 12 адам іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Іздестіру кезінде Ошақты каналының суы уақытша тоқтатылып,  түсіп кеткен жерінен шамамен 5 шақырым жерден қыздың денесін кешкі сағат 21:20 алып шығарылды».

Гүлдана Дәурен