Оқушылар сарайы 1 маусымда пайдалануға беріледі

111

Шымкентте құрылыс қарқын алған. Халқының саны миллионнан асқан мегаполисте екі Оқушылар сарайы, шығармашылық орталық, алты өнер мектебі, Конгресс –Холл мен үш мектеп салынуда.

«Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасына енген нысандарға партиялық бекеттер орнатылып, бүгінде құрылыстың уақытылы әрі сапалы орындалуы назарға алынған.

Қалалық партиялық бақылау комиссиясының мүшелері «Нұрсәт» шағынауданындағы Оқушылар сарайының құрылысын тексерді. Негізі екі жыл бұрын қаланған нысан 1-ші маусым балалар күніне орай пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Ғани Ташқараев, Шымкент қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы: «Оқушылар сарайы керемет салынған. Құрылыс барысын, сапасын, қаржыны игеру жағы үнемі назарда болды. Президент демографиялық өсім бар қалаларда балаларға арналған нысандарды салуды тапсырған болатын. Бізде Шымкентте екі  оқушылар сарайы салынды. Біреуі «Нұрсәтте», екіншісі «Тұран» шағынауданында. Халықаралық деңгейдегі нысандар. Жабдықталуы да барлық талаптарға сай».

Бір аусымда 500 балаға дейін қабылдай алатын 3 қабатты оқушылар сарайы 3 блоктан тұрады. Ғылыми-техникалық, шығармашылық және спорттық сауықтыру бағыттарын қамтыған ғимаратта замануи талаптарға сай ені 14, ұзындығы 25 метрлік үлкен және кіші бассейіндер  бар.

Айта кетейік, бұл нысанда қажеттілік туындаса, тәулігіне 4 ауысымда жұмыс істеп, 7-18 жас аралығындағы 2000 бала түрлі үйірмеге қатыса алады. Осылайша мыңдаған бала сабақтан тыс уақытын түрлі үйірме мен секцияларда тиімді өткізіп, шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени әлеуетін дамытуға мүмкіндік алады.