Ардагер ғасырды алқымдады

86

Қазақ тарихында екінші дүниежүзілік соғыс салған қасіреттің ізі бар. Қиын-қыстау кезеңде Отанды қорғап, әскери антқа адал болған жандардың бірі – Мұратов Қалмен ақсақал. Қалмен ата 1924 жылы 20 ақпанда Ордабасы ауданында дүниеге келді. 1942 жылғы 1 тамызда «Бірлік» орталау мектебінде 7-сыныпта оқып жүргенінде, яғни 18 жасында әскерге алып кетті.

Аягөзде командирлік курсты 3 ай оқып, кіші сержанттық шенін алды. 1942 жылы Калинин облысына апарды. Мәскеуден ары Белорусь аймағында соғысты. Бірнеше қаланы басқыншылардан азат етуге үлес қосты. 1944 жылы ақпанда Витебск қаласында жау қорғанысын бұзу үшін болған шайқаста сол қолына оқ және граната жарықшалары тиіп, екі жерден жараланған. Бір оқ білезік буынына, екінші оқ саусаққа тиген. Сол сәтте екінші саусағынан айырылған. Госпитальда емделген.

1947 жылы Бөржар ауылына қарасты Сталин колхозында бригадир болып қызмет етті. 1973 жылдан бастап теміржолда ұзақ жыл еңбек етіп «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Оныншы бес жылдықтың екпіндісі», «Социалистік жарыс жеңімпазы» атанды. «Құрмет белгісі», І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері», «Астанаға 10 жыл» және көптеген мерекелік медальмен марапатталған. Отбасында 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 31 немере, 34 шөбере сүйіп отыр.

Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ақсақал тыныштық пен тұрақтылық – даму кепілі екенін айтып отырады. Майданда да, майданнан кейінгі өмірде де Түркістан өңірінің дамуына үлес қосқан Қалмен Мұратовты Ордабасы ғана емес, облыс жұртшылығы қадірлейді.