Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу да кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес 7 бағыт бойынша жұмыстар бекітіліп, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Одан бөлек, Шымкент қалалық прокуратурасы Шымкент қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып, қалалық білім беру ұйымдарында өтетін «Мейірім-жүректен» атты айлық жоспары бекітілді.
Мақсаты: Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың профилактикасы, сондай-ақ өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін болдырмау және өмір қауіпсіздігін сақтау.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Бала құқықтарын қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталып, атқарылар шараларды баяндады.
Бүгінде кәмелетке толмаған істері және құқығын қорғау комиссиясында 56 мүше бар. Олар ата-ана құқығынан айыру, бейімдеу немесе девиантты балалар орталығына жіберу, кешкі мектепке орналастыру және білім беру ұйымдарының есебін тыңдау негізінде жұмыс істеп келеді.
Одан бөлек, білім беру ұйымдарында 320-дан астам тәрбие жөніндегі орынбасар, 170-ке жуық әлеуметтік педагог және 270-тей педагог-психолог қызмет атқаруда. Барлық білім беру ұйымында медиация кабинеттері ашылып, тәрбие жұмысын дамыту бойынша «Ата-аналар академиясы» бекітілген. Ал басқарма жанынан психологиялық-педагогикалық қызмет, тәрбие беру орталықтары құрылды.
Бұл мегаполисте «Әкелер мектебі», «Аналар/әжелер мектебі», «Ұлдар клубы» мен «Қыздар клубы» саланың түйткілдерін шешуге ықпал етуде. «Үштік одақ», «Оқуға құштар мектеп», Мектеп Парламенті «Өзін-өзі басқару», «Дебаттық қозғалыс» сынды тәрбиелік мәні бар жобалар іске асырылуда. Бірі сыни ойлау дағдыларын қалыптастырса, енді бірі көркем әдебиетке қызығушылықты оятады. Сонымен қатар ең бастысы ата-ана, оқушы-мектеп байланысын арттыруға үлес қосады. «Adal urpaq» және «Sanaly urpaq» еріктілер клубтары болса, білім алушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетке тәрбиелеуге бағыттайды.
2023 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының аясында түрлі кездесулер, семинар-конференциялар, дебаттар, форумдар, олимпиадалар мен турнирлер, экскурсиялар, акциялар ұйымдастыру көзделуде. Мұнымен қоса, психологиялық көмектер өткізу, үнқағаздар тарату, сауалнама мен ақпараттық қауіпсіздік жүргізу жоспарға алынды. Тарқатар болсақ:
Әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету;
Іске асыру тетіктері: тәрбиенің басым бағыттары бойынша іс-шаралар;
Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтың профилактикасы мен олардың қадалағаусыз және панасыз қалуының алдын алу;
Жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивтік мінез-құлықтың алдын алу;
Балалар мен жасөспірімдерді есірткі, психотроптық, күшті әсер ететін немесе улы заттардан қорғау;
Кәмелетке толмағандар арасында жыныстық тәрбие, ерте жүктіліктің алдын алу;
Кибербуллинг бағыттары негізінде жыл бойы 100-ден астам іс-шара өткізіледі.
Ағымдағы жылдың 25 сәуір – 25 мамыр аралығында 22 іс-шара өз деңгейінде өтті.
Басқарма басшысының айтуынша, тиісті шаралар тұрақты жүргізілгеніне қарамай, өзекті мәселелер жоқ емес. Мәселен, аз қамтылған отбасы балалары, жайсыз отбасы, қалалық ювеналды полиция есебінде тұрған және мектепішілік есептегі балалар саны көңіл көншітпейді. Проблемалармен күресу мақсатында есептегі оқушыларға тәлімгер бекіту, түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыстыру — негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Қылмыстық оқиғалар жиі қайталанатын криминогенді аймақтар бақылуға алынса, 103 учаскелік полиция инспекторы бекітілген. Ескерте кететін жәйт, аталған шаралар ата-аналардың келісімімен күн тәртібіне енгізілген.
Құмар ойындарға тәуелділікті анықтауға арналған «Такер» тестіне 9-11 сынып аралығындағы жалпы 18 мыңнан астам оқушы қатысса, оның 13 мыңнан астамы жасыл аймақты көрсетті. Бұл дегеніміз компьютерлік ойындарға жағымсыз әрекет танытқан. Сары аймақ 19,6 пайызды құраса, қызыл аймақ 2,8 пайызға тең.
Биыл 3 айдың ішінде Call-орталыққа 320 сұрақ келіп түсіп, 100% жауап беріліп, 6585 қатысушыға түсіндірме жүргізілген. Telegram желісіндегі чат пен сенім телефондары тұрақты режимде жұмыс жасауда. Ақпараттық баннерлер мен билбордтар қаланың әр бұрышында орнатылған.
Айта кетейік, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес білім басқармасы Полиция, Төтенше жағдайлар департаменттері, Денсаулық сақтау басқармасы, аудан әкімдіктері және психологиялық орталықтармен жоғарыда айтылған барлық жоспарды бірлесе жүзеге асырады.
Шымкент қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі