Шымкентте мектептің бас бухгалтері 67 млн жымқырды деген күдікке ілінді

2775

Шымкентте №138 мектептің бас бухгалтері мемлекеттен бөлінген 67 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Ол бұл соманы 3 жыл ішінде қалтасына басып, қажеттілігіне жаратып келген көрінеді. Бұл туралы қалалық антикор қызметкерлерінің мектеп директорлары және бухгалтерлерімен кездесуі кезінде айтылды.

Ведомствоның тергеу басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тобашовтың айтуынша, мектептің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.

«Тергеу барысында бас бухгалтердің қылмыстық құқық бұзушылық жасауына бірқатар жағдайлар ықпал еткені анықталды. №138 мектептің директоры электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦП)  қолдана алмаған және цифрлық жұмысты өз қызметкеріне тапсырған. Күдікті басшы тарапынан тиісті бақылау деңгейі жоқ екенін білген және мемлекеттік қаражатты өз қалауы бойынша қажеттіліктеріне жұмсаған»,- деді Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу басқармасы басшысының орынбасары  Олжас Тобашов.

Жыл басынан бері Шымкентте білім басқармасы мен осы саланың 13 лауазымды тұлғасына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Антикор қызметкерлері мұндай қылмыстарды болдырмау мақсатында мемлекеттік мекемелерге сыртқы талдау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жемқорлық бойынша көш бастап отырған білім басқармасы да бұл тізімде бар. Сала мамандарының айтуынша, қаржылық ресурстардың артуынан мұндай қылмыстар өсіп отыр екен.

Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Дәурен Ерғарин мектептерге бөлінген қаржылардың жымқырылу схемасын да атап өтті.

«Мектептер бастапқыда еңбекақы төлеу қорын қаржыландыруға бюджеттік өтінімдерді асыра бағалап, білім басқармаларына жіберіп келген. Іс жүзінде бұл әрекеттер мектептер мен тиісті басқарманың жауапты тұлғалары арасында сөз байласып жасалады. Содан бұл бюджеттік өтінімдер тиісті тексерусіз бекітіліп отырған. Ары қарай мектеп бухгалтерлері ЖСН мен қызметкерлердің карточкалық шоттарын қолмен түзетіп, содан кейін ақшаны қазынашылық базасы арқылы қажетті шоттарға аударып келген. Осылайша мемлекет қаржысы жымқырылған»,-деді Дәурен Ерғарин.

Кездесуде қаланың бас ұстазы білім саласы қызметкерлерінің мұндай қылмыстарға баруына қатысты пікірін де білдірді.

«Білім басқармасы қызметкерлері арасында осындай фактілердің анықталғаны, әрине, өкінішті. Біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша көптеген іс-шаралар өткіздік және оның бәрі бекер сияқты. Білім басқармасы басшысының орынбасары және №96 мектептің директоры қылмыстық қудалауға ұшырады. Екі жыл бұрын №132 мектептің директоры жемқорлық фактісі бойынша күдікті болды. Өкінішке орай оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Әріптесіміз өз-өзіне қол салып көз жұмды. Өткен жылдың басында басқарманың бас маманы мен бухгалтері күдікке ілінді. Ал қазіргі таңда екі балабақшаның бухгалтерлері пара алды деп күдіктелуде. Жемқор адам өз әрекетін жасыруға қанша тырысса да, ерте ме, кеш пе бәрі анықталады»,-деді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

Айта кетсек, өткен жылы білім басқармасына 200 млрд теңге бөлінген. Қаланың бас ұстазы Жанат Тәжиева бұл қаржы педагогтардың еңбекақысына, материалды-техникалық базаны жақсартуға және коммуналдық қажеттіліктерге жұмсалған.

Антикор қызметкерлері енді ұстаздарды  жұмысқа орналастыру және аттестаттау жұмыстарының заңдылығын, сондай-ақ жан басына шаққандағы қаржыландыру мен оқушылардың тегін тамақтануына жұмсалатын қаражаттың жұмсалуын тексермек.