ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен атыс қаруын қолдану арқылы жасалған құқық бұзушылық, қылмыстардың алдын алу мақсатында, Түркістан облысында тұрғындардан заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізілуде.
Акция басталған 24 тәулік ішінде облыс бойынша 90 азамат өз еркімен 120 дана атыс қаруын тапсырды. Оның ішінде 16-сы кіші ойық калибрлі мылтық болса, 104-і тегіс ұңғылы мылтық, сондай-ақ 700-ден астам түрлі калибрлі патрон. Айта кетсек, тиісті рәсімдер жүргізілгеннен кейін, қарудың техникалық жағдайына байланысты комиссия отырысында қаражат төлеу туралы шешім қабылданады.
Сондай-ақ акция барысында Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды заңсыз сақталған және тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсыруға кеңес береді. Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.