Емханада хирургиялық бөлімше ашылды

54

Шымкенттегі №4 емханада дәрігерлер енді хирургиялық отаны өздері жасайды. Бұл үшін емхана жанынан күндізгі хирургиялық стационар ашылды. Енді мұнда дәрігерлер жоспарлы түрде амбулаториялық деңгейдегі операцияларды жасап, науқастарды сауықтыра алады.

Зулфия Сұлтановаға дәрігерлер «гигрома» диагнозын қойған. 56 жастағы науқасты емдеу үшін ақ халаттылар оны ауруханаға жібермей – ақ емхана деңгейінде ота жасамақ. Қазір пациент хирург дәрігерге көрініп, операция жасатуға дайындалып жүр.

Зульфия Сұлтанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қолымдағы сіңірлерім қайта қайта тартылып, қиналып жүр едім, дәрігерге қаралсам ота жасаймыз дейді. Ауруханаға портал алу үшін құжаттарымды және анлиздер дайындап әуре болмайтын болдым. Енді өзім тіркелген емханада кезексіз ота жасатуға мүмкіндігім бар. Біз сияқты қарапайым халық үшін мұндай көмек қажет».

№4 емхана жанынан ашылған күндізгі хирургиялық стационардың бір ерекшелігі – науқастарға мұнда ота жасалып, операциядан кейінгі күтім көрсетіледі. Мұнда келген науқас алдымен дәрігердің қарауынан өтіп, қажет болса, науқасқа жергілікті наркоз салынып, ота жасалады. Ол үшін бөлімше хирургия бөліміне арналған 3 төсек-орынды күндізгі стационар және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бүгінде емханада хирургия саласы бойынша білікті мамандар жұмыс атқарады.

Айгүл Бекбауова, Шымкент қалалық №4 емхананың бас дәрігері: «Жаңа бөлімше хирургия дәрігерлерімен толықты. Мұнда, сонымен қатар, УДЗ, холтер кабинеттері де жаңартылған. Білікті дәрігер өз қабылдауында қосымша науқастардың жүрек, қан-тамырларын тексереді. Тексеруден өткен соң тиісінше емдік көмек көрсетіледі. Бұл кабинет толық кардиостандартқа сәйкес жұмыс атқарады деп жоспарлануда. Осылайша қалалық кардиология орталығына сабылатын тұрғындар саны азаймақ. Қосымша «Тредмил», «СМАД» сияқты қажет құрал-жабдықтарды алу үшін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына өтінім берілген».

Айта кетейік, №4 емхана жанынан ашылған хирургиялық күндізгі стационарда 40-қа жуық амбулаториялық деңгейдегі ота жасалады. Мұнда дәрігерлер қаладағы өзге де емханадағы пациенттерді портал бойынша қабылдап, хиургиялық көмек көрсетуге мүмкіндігі бар. Күндізгі хирургиялық бөлімшені ашудағы басты мақсат – отаны қажет ететін науқастардың кезек күту мәселесін азайту дейді жауаптылар.

Лаура Нахыпқызы