Шымкентте бүгін медицина саласының үздіктері марапатталды. Ақ халаттылардың кәсіби мерекесіне орай өткізілген салтанатты шарада денсаулық сақтау басқармасы соңғы бір жылда атқарылған жұмыстарын баяндап, саладағы үздіктерді марапаттады.
Білікті анестизиолог Бекжан Перменов салтанатты шарада денсаулық сақтау саласының үздігі атанды. 27 жылдан бері медицина саласында қызмет атқаратын дәрігер жылына 600-ге жуық жүрекке ашық жасалатын отаға қатысады. Білікті маманнның отадағы негізгі міндеті жансыздандыру әдісін жасап, операцияның қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету.
Кардиология саласынан бөлек қала аумағындағы ауруханалардағы төсек орындарды көбейту мен емханаға медиициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында жаңа жобалар енгізілуде. Әсіресе үшінші мегаполисте балалар денсаулығын жақсарту саласында ауыз толтырып айтарлық жетістістер бар. Соңғы бір жылдың ішінде қалалық клиникалық балалар ауруханасында мамандандырылған стоматалогиялық кабинет, ангиография бөлімшесі ашылған.
Асылбеков Нұрлыбек, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Жоспар бойынша балалар кардиохирургиясын дамытамыз. Мұнан бөлек бізде №1 ауруханада мықты нейрохирургтер, №2 ауруханада аллергология және гастроэнтерология дамуда. Кардиорталықта 30 мыңнан аса ота жасалған. Ал онкологиялық орталықтың дәрігерлері үздік екендерін дәлелдеп, тіпті өзге өңірлерге шеберлік сабағын өткізуде».
Айта кетейік, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізілген шарада денсаулық саласындағы үздік 80-ге жуық маман анықталып, оларға қаржылай сыйлықтар берілді. Мұнан бөлек, денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін үздіктер марапатталып, қала әкімі мен мәслихат атынан алғыс хаттар табысталды.
Лаура Нахыпқызы