Шымкентте мешіт ұстазы діни сауат ашуға келген балаларды соққының астына қалған. Дін маманының мұндай қадамына балалардың құран сүрелерін дұрыс оқымауы себеп болыпты.
Көк ала қойдай таяқ жеп, денесінің сау-тамтығы қалмаған оқушылардың видеосын белгілі рэпер Жан Ахмадиев желі парақшасында жариялады.
«Шымкент қаласындағы медресенің молдасы «хадис» жаттамаған жасөспірімдерді осылай сабап-ұрады екен. Молданың жасағаны дұрыс па?» деп жазды автор.
Бейнежазбадан 9 және 7 жастағы балаларды көруге болады. Олар діни сауат ашуға арналған медресе секілді үйде Рүстем есімді ұстаз ұрып-соққанын айтады.
Шымкент қалалық дін істері басқармасындағылардың мәліметінше, оқиға медреседе емес, Хамза тұрғын алабындағы «Тасбау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаровтың үйінде болған. Дін өкілі білім беру барысында құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін өз үйінде балаларға күш қолданған.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының (ҚМДБ) Шымкент қаласы бойынша өкілдігімен қала аумағындағы мешіттерде жазғы 1 айлық (5 маусым – 5 шілде) діни сауат ашу курстары жүргізілуде. 5 маусымда Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауылдық округінің ағалы-інілі тұрғындары 2013 және 2015 жылы дүниеге келген кәмелет жасына толмаған балаларын діни білім алу мақсатында Шымкент қаласының тұрғыны Рүстем Асқаровтың жеке үйіне оқытуға алып барған. Алайда маусымның 6-7 күндері мешіт ұстазы балаларды ұрып-соққан.
7 маусымда балалар ұстаздың үйінен қашып шығып, Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданы арасында қатынайтын такси көлігімен ауылына жетіп, болған жайтты үйіндегілерге айтқан. Кейін оқушыларға дәрігерлік көмек көрсетілген.
Балалардың бірінің анасы сол күні Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арыз түсірген. Оқиға Шымкент қаласында орын алғандықтан сарыағаштық полицейлер шағымды Шымкент қаласы Тұран аудандық полиция басқармасына ары қарай қарау үшін жолдаған.
«Қазіргі таңда балалардың ата-анасы тарапынан сот медициналық сараптамасынан өтуден және Рүстем Асқаровқа шағымдарының жоқ болуына орай, полиция басқармасымен арызды тіркеу бойынша мәселе қаралуда. Жоғарыда аталған жағдайлардың алдын алу үшін Дін істері басқармасы ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігімен бірлесіп 12 маусымда «Орталық» мешітте діни сауат ашу курстарына жауапты және бас имамдарға түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта мешіттерде діни ахуал тұрақты және мүдделі мемлекеттік органдармен бақылауға алынды» делінген қалалық дін істері басқармасының мәліметінде.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы мешіт ұстазы жұмыстан босатылғанын хабарлады. Оның мәліметінше, ұстаз балалар құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін емес, тұрмыстық өзге мәселелерге ашуланып, өз эмоциясын ұстай алмағандықтан ұрып-соғыпты.
«Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров кәмелетке толмаған балаларды үй жағдайында оқытып, оларға қол жұмсап, дін қызметкерінің этикасын (мұсылмандық, ұстаздық әдепті сақтамау, өзгелерге зиян тигізу т.б.) қатаң бұзған. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарды және өрескел әрекетке жол берген дін қызметкерлеріне шара қолданды. Бүгін, 15 маусымда Рүстем Асқаров Бас мүфти бұйрығымен «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров қызметінен босатылды» деп жазды ҚМДБ баспасөз хатшысы Facebook парақшасында.
Ал қалалық Полиция департаментіндегілер аталған факті Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша (Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) тіркеуге алынғанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.