Жылысай көшесінің тұрғындары инфрақұрылымға жарымай отыр

165

Шымкенттің республикалық маңызы бар қалалар мәртебесіне ие болғанына биыл 5 жыл. Қуантарлық жағдай. Алайда, шаһардың іргесінде бой көтеріп жатқан жеке секторды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалып жатыр,- дейді Тұран ауданына қарасты Құрсай шағынауданындағы Жылысай көшесінің  тұрғындары. Айтуларынша,  жол мүлдем жоқ, электр бағаналары ескі. Ал су құбыры желісінің құрылысы әлі күнге сағызша созылып келеді.

 

Құрсай шағынауданында атауы бар, бірақ жолы жоқ көшелер баршылық. Қырдың етегінде осыдан 10 жыл бұрын соғылған үйде тұрып жатқан Ақерке Әбдіманап «қиындықтар бастан асады. Ең өзектісі жолымыздың жоқтығы»,- дейді

Ақерке Әбдіманап, Құрсай шағынауданындағы Жылысай көшесінің тұрғыны: «Қыста бұл жолмен жүру қиын. Балалар арбасының өзі жүрмейді. Көктемде күзде жерасты сулары аққанда  10-15 үйдің тұрғындары көрші үйлердің ортасымен өтуген мәжбүр».

Жол мәселесімен айналысып жатырмыз деген жаңадан құрылған Тұран ауданы әкімдігінің жауапты мамандары тұрғындарды сабырға шақырды. Жол құрылысына жауапты қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы қазір зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.
Аманжол Бекбол, Тұран ауданы әкімінің орынбасары: «Бақылауына алды, жұмыстар жүргізу бойынша, уақытша жол ашу, жолды істеп беру бойынша уәде берді. Энергетика басқармасы жолды жылдың соңына дейін ашып береді».

Абай ауданы құрамында болып, ағымдағы жылдан бастап Тұран ауданына өткен шағын аудандағы Жылысай көшесінде электр бағаналары құлауға жақын. «Қатты жел болса, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз»,- дейді тұрғындар.
Жанат Қашқынбекова, Құрсай шағынауданының тұрғыны: «Столбыларды» әр үй өз қаражатына сатып алған. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, құлайын деп әрең тұр. Анау жоғары кернеулі бағана құласа көміліп қаламыз. Жарығымыз да жиі сөнеді. Осыған қарамастан 17,96 теңгеден төлеп отырмыз».

Бұдан бөлек, Жылысай көшесі тұрғындарына ортақ тағы бір мәселе, ол жер асты және ауыз судың жағдайы. Тұрғындардың сөзінше шағынауданды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында қолға алынған жұмыс осы көшеге жеткенде тоқтап қалған.

Мөлдір Қошымбетова, Құрсай шағынауданының тұрғыны: «Кеше суды жөндейміз деп барлық жерді лай қылып кетті. Әкімдіктегілер келіп, «лоток» қойып береміз деп уәде беріп еді. Біреуінің жаны ашымайды. Жер асты сулары көктемде, күзде көтерілгенде, үйімізді су алып кетеді. Балаларды мектепке жібере алмаймыз».

Аманжол Бекбол, Тұран ауданы әкімінің орынбасары: «Тапсырыс беруші-энергетика басқармасы. Өтпелі нысан. Осы шілде айының соңына дейін уәде беріп жатыр аяқтаймыз деп, тамыз айында акт-приемкамен қабылдайды. Қазір  қазылған жерде жалғау, қосылмаған жерді қосу бітейін деп тұр».

Жақында өткен баспасөз туры барысында аудандағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы толығымен тәмәмдалса, жол жөндеу жұмыстарына кірісеміз, деген әкімдіктегілер биыл 13 көшенің асфальтталатынын жеткізді. Сондай-ақ, аймақтағы 40 көшеге шағал тас төселеді.