Д.Сатыбалды: «2025 жылға дейін ауыз су мәселесі толық шешу қажет»

31

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша деңгейін тексеру мақсатында арнайы мониторингтік топ құрылды. Сонымен қатар өңірде бюджет қаржысына басталып, бірақ түрлі себептермен аяқталмаған жобаларға талдау жасалды.

Мамандардың сөзінше, бірқатар мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан созылған құрылыс нысандарына қатысты істер сотта қаралуда.

Облыс әкімі өңірдегі өзекті құрылыс жұмыстарының барысына, әсіресе олардың инфрақұрылым мәселелеріне баса назар аударуды тапсырған болатын. Осыған байланысты жүргізілген тексерулерден кейін облыстағы бірқатар нысандардың жай-күйі белгілі болды.

«Негізгі мониторинг жұмыстарының қорытындысымен облыстың әрбір елдімекенінің инфрақұрылыммен қамтылуы бойынша төлқұжаты әзірленіп, аудан мен қала әкімдіктерімен бекітіледі. Анықталған проблемалық мәселелер бойынша іс-шаралар жоспарлары әзірленетін болады. Қазіргі уақытта 17 аудан, қаладағы 833 елдімекеннің 13 ауданы, қаладағы 81 елдімекен аяқталып отыр. Тек 4 аудан қалып отыр. Бұлар Ордабасы, Кентау, Отырар, Бәйдібек аудандары»,-деді Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.

Мониторинг жұмысына жауаптылар, жүктелген міндетті тамыз айына дейін орындап шығуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, жүргізілген тексеріс нәтижесінде облыс бойынша кестемен су ішіп отырған қосымша 82 елдімекен анықталған болатын. Сонымен қатар істен шығып, қараусыз қалған 16 елдімекендегі ауыз су жүйесі анықталды.

«Жүйелі түрде жасайтын нәрселеріміз жарық, свет газ, су. Бірінші кезекте соларды шешеміз. Одан кейін басқа ауылдардың ішкі жүйелерін жеткізіп отырамыз. Мұны тұрақты бақылауға алып, сағатпен істеп отырған елдімекендерде қаржы бөлінген бірақ іске қосылмағандар бар ғой, солар бойынша не істеліп жатқанын баяндап отырсақ. 2025 жылға дейін ауыз су мәселесін толық бітіру қажетпіз»,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жиында өңір басшысы облыс бойынша ауыз су мәселесін 2025 жылға дейін шешу керектігін атап өтті. Бұдан бөлек құрылыс жүргізу барысында инфрақұрылым мәселелеріне жіті назар аудару қажет екенін алға тартты.