E-Salyq Business мобильді қосымшасы кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетті

19

Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерлерді E-Salyq Business мобильді қосымшасын пайдалануға шақырады. Себебі бүгінде еліміздегі бизнес иелерінің басым бөлігі былтыр қолданысқа енгізілген қосымшамен тұрақты жұмыс істеп жатыр.

E-Salyq Business мобильді қосымшасы бірқатар салық рәсімдерін жеңілдетті. Мобильді қосымша жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, кассалық чектің орнына мобильді қосымшаның чегін беруге, қосымшада берілген чектер негізінде кәсіпкердің кіріс есебін жүргізуге, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар бұл қосымша жалдамалы қызметкерлердің және олардың табыстарының есебін жүргізуге, оңайлатылған декларацияны тапсыруға (910.00 нысан), кәсіпкерлік қызметті оңайлатылған тәртіпте тоқтатуға мүмкіндік береді»,-деді Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айдын Қысметов.

Қосымшаны әзірлеудегі негізгі мақсат – Мемлекет басшысының жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету туралы тапсырмасын орындау болатын. Ол 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел аумағында қолданысқа енгізілді. Бұл тегін қосымшаны App Store, Play Market және App Gallery-ден жүктеуге болады. Бүгінгі таңда қосымшаны кәсіпкерлердің басым бөлігі пайдаланып келеді.

«Кәсіпкерге өте ыңғайлы. Бізге басқармаға келудің қажеті жоқ, өзінің жұмыс орнынан, үйінен кез келген жерден қызметін ала алады. Және тиісті есепті бере алады. Демалыста жүрсе де, кез келген есепті жібере алады. Және де банкроттық жайында да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз»,-деді Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айдын Қысметов.

Одан бөлек, E-Salyq Business-те ыңғайлы сервистер әзірленді. Олардың көмегімен: салық органдарының жіберген хабарламасын алуға, бір төлем құжатымен бірнеше салықты төлеуге, артық не қате төленген салықтарды алдағы салықтар есебіне жатқызуға немесе қайтарып алуға болады. Сондай-ақ бірқатар анықтаманы да алу мүмкіндігі бар. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы, оның және оның жұмысшыларының табысы туралы анықтамаларды ала аласыз. Бұлардың барлығы талап етілген жерге ұсынуға арналған.