Енді нәрестеге ЖСН бірден берілетін болады

20

Енді жаңа туған нәрестеге бірден ЖСН құжаты беріледі. Яғни, туу туралы куәлікті алған балаларға бұл құжат автоматты түрде бірге ұсынылатын болады. Бұл туралы Ішкі Істер министрлігі брифингте айтты. Жиында бұдан бөлек есірткі қылмысына қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды.

Ішкі Істер Министрлігі жаңа туған сәбилерге жеке сәйкестендіру нөмірін берудің жаңа механизмін таныстырды. Бұрын балаға ЖСН ата-анасы туу туралы куәлік алуға өтініш білдіргеннен кейін ғана берілетін. Сол себепті біраз бала ата-аналары мұндай куәлікті алғанға дейін есепке алынбайтын.

Шұғыла Тұрлыбек,  ҚР ІІМ ресми өкілі: «Бірқатар мемлекеттік қызметтер автоматты түрде көрсетіледі. Олар: бала тууға байланысты және бала күтімі бойынша жәрдемақы алу; жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді тағайындау және төлеу, бала 1,5 жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем».

Сонымен қатар жүйе анасына баланың тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) туралы мәліметтерді беру туралы SMS-хабарлама жібереді. Деректер алынғаннан кейін туу туралы куәлік әзірленеді.

Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте есірткі қылмысының алдын алу туралы да айтылды. Мәселен соңғы айларда елімізде 315 қылмыс жасалған: 121 – заңсыз өнімді сату фактісі, ал 49-ы есірткіні заңсыз сақтау фактісі, 114-құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру бойынша тіркелген.

Серік Сұлтанов, ҚР Ішкі Істер Министрлігі есірткі іс-қимылына қарсы департаментінің ерекше тапсырмалары жөніндегі инспекторы: «6 тонна есірткі тәркіленді. Оның ішінде 900 кг марихуана, 63 кг гашиш, 12 кг синтетикалық және 700 грамм героин анықталған. Жамбыл облысы, Қызылорда және Түркістан облысында 12 плантация анықталды. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру бойынша 114 қылмыстық іс қозғалды. 64 қылмыстық іс аса ірі көлемді есірткі тәркілеу бойынша қозғалды. 154 күдікті ұсталды».

Жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымы саласында 1 300-ден астам қылмыс анықталды. 8 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 168 кг синтетикалық түрі тәркіленді. 24 нарколабораторияның қызметі мен 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Елімізде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мәселенені шешуге 53 миллиард теңге бөлінді. Енді есірткі плантацияларын әуе техникасы мен дрондардың көмегімен анықталатын болады.

Серік Сұлтанов,  ҚР Ішкі Істер Министрлігі есірткі іс-қимылына қарсы департаментінің ерекше тапсырмалары жөніндегі инспекторы: «Жастар мен жасөспірімдер арасындағы есірткіге тәуелділігін анықтау арқылы есірткіге құмар азаматтардың нақты тізімін анықтауға болады. Сондай-ақ, бұл уәкілетті органдардың материалды-техникалық жарақтандыру мен ұйымдық мәртебесін көрсетуге мүмкіндік туғызады».

Айта кетейік, бүгінгі таңда есірткіге тәуелді азаматтарды емдеу басты назарға алынған.