Кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілуде

30

«Ауыл аманаты» жобасы Қазақстан Республикасының Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алғаны белгілі.

Жобаның негізгі ережелері мен несие беру шарттары «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2022 жылғы 26 шілде №314 бұйрығымен бекітілген болатын.

Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы республикалық бюджеттен облысқа 20,0 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінуде.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту болып табылады. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру.

Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Осыған байланысты, Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы Қызылқия және Қақпақ ауылы округтеріндегі Мәдениет үйінде ауылдың жеке кәсіпкерлері мен тұрғындары арасында кездесу жиналысы өтті. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары, «Түркістан» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры, «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры, «Ырыс» Микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының директоры және аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері қатысты. Жиналыс барысында кәсіпкерлер, тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Аталған жобаға қызығушылық танытып отырғандардың қарасы қалың бүгінде. Жобаның шарттары да өте тиімділігімен қызығушылық оятып отыр. Ауыл халқы арасында кәсіпкерлікті дамыту мәселесі кеңінен талқыланды.

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ауыл тұрғындарына өте төмен пайызбен несие берілетіндігі, оның шарттары туралы толық мәлімет берілді. Аталған жобаға ынта білдіріп отырған қазығұрттықтардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға ниеттеніп отыр. Осы тарапта тұрғындар өз сауалдарына нақты жауаптарын ала алды.