Кентаулық тұрғын 18 гүл құмырасына қарасора өсірген

39

Кентауда гүл құмырасына есірткі тектес өсімдік өсірген азамат анықталды. Ол туысының пәтерін фитозертханаға айналдырған. Тексеру барысында тұрғыннан 60 келі қарасора тәркіленген. Одан бөлек күнгейлік азамат ауласында тағы да заңсыз шөп өсіргені белгілі болды.

Кентаулық тұрғын үйінде 18 гүл құмырасына есірткіге ұқсас өсімдік өсірген. Полиция қызметкерлері тұрғынның пәтерін тінту барысында фитозертхана жасақтағанын анықтады. «Заңсыз бақшадан» 46 сабақ пен 3 түп «сора» өсімдігі тәркіленіп алынды. Айғақ затқа сараптама жасалып, ол «марихуана» есірткісі екені расталды. Одан бөлек күдіктіден ұрланған мылтық тәркіленді.

Мади Қожамұратов, ТО ПД ЕҚҚІҚБ бастығының орынбасары: «Ер адамның үйін тінту кезінде, жатын бөлмесінен ішінде есірткіге ұқсас заты бар 11 сіріңке қорабы табылды. Одан әрі жедел ақпарат көздері арқылы оның ағасының үйінде есірткі өсіретіні анықталды. Нақтырақ айтсақ, күдікті жас жігіт, туысының пәтеріне есірткі өсімдіктерін өсіруге арналған фитозертхана жасаған. Яғни пәтердің бір бөлмесін арнайы фитожарықтандырғышпен жабдықтап, есірткінің өсуіне қажетті барлық жағдайды қамтамасыз еткен. Одан бөлек пәтерден 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Тексеру кезінде бұл қару бірнеше жыл алдын болған пәтер ұрлығы кезінде ұрланған қару болып шықты»

Түркістан облысында 1 күнде 2 бірдей есірткі саудасымен айналысқан азамат құрықталды. Тәртіп сақшылары күдіктінің ауласынан 2300-ге тарта түп есірткіге ұқсас шөпті тапты. Тіркіленген затқа сараптама тағайындалып, нәтижесінде 60 келіге жуық сора екенін анықталды. Оған коса, күдіктінің үйінен шыны ыдысқа салынған 35 грамнан асатын марихуана табылды.

Қуанышбай Жұмаділдаев, ТО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы: «ПД-нің Экстремизмге қарсы күрес басқармасының тәжірибелі жедел уәкілдері деструктивті діни ағым жақтаушы ретінде есепке алынған түркістандық ер адамды есірткі егумен айналысқаны үшін құрықтады. Тәртіп сақшылары анықтаған жедел ақпарат нәтижесінде, күдіктінің ауласынан 2300-ге тарта егілген есірткіге ұқсас түптер алынды»

Айта кетейік, аталған жұмыс «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүзеге асқан. Ал есірткі тектес өсімдік өсірген 2 азамат қамауға алынды. Іс ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігімен тіркеуге алынды. Тергеу жұмысы жалғасып жатыр.