Аудан, ауыл мектептері жергілікті әкімдіктің қарауына өтуі мүмкін бе? Мәжілісте білім беру саласына қатысты маңызды мәселе көтерілді. Депутаттар мектеп инфрақұрылымын қаржыландыру мен басқару жүйесіндегі түйткілдерді талқылады. Халқы қалаулылары не дейді?
«Аудандық жерлерде мектептерді салуға, жөндеуге аудандық әкімдіктен қаражат бөлінбейді. Бұл үлкен мәселе. Біз оны шешуіміз керек. Бір де тиын бөліп бере алмайды. Біз ауданның әкімдерінің мүмкіншілгін шектеп отырмыз».
Мектептерді жергілікті әкімдіктердің қарауына беру бастамасы білім беру саласындағы басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Бұл өзгеріс жүзеге асқан жағдайда, аудан және ауыл әкімдері тек экономика мен инфрақұрылымға ғана емес, сонымен қатар білім беру сапасына да тікелей жауапты болады. Сондықтан, Асхат Аймағамбетов саладағы функцияларды нақты бөлу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ұстаздарды жаппай іс-шараларға қатыстыруды енді ғана тыйған мезетте, бұл жүйе тиімсіз деп отыр.
АСХАТ АЙМАҒАНБЕТО МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ: «Тіпті болмаса, гибридті модельді қарастырайық. Мысалы білім мазмұны. Облыста қалса, ол кадрлар, директор тағайындау Аттестация, оқу бағдарламалары т.б. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселелесі. Мектеп директоры завхоз болмау керек. Ол бас мұғалім болу керек. Шаруашылық қана әкімдерде болсын. Жылу, санитария, құрылыс, шатыр. Оны берейік. Әкім инфрақұрылымға жауап берсін. Ал, шатырдың астында не оқытылатынына әкім араласпауы керек. Оны министрлік, облыстық білім басқармасы шешу керек».
Ал, депутат Мұрат Әбенов болса, тәрбие мен қоғамдық шараларға мұғалімдердің қатысуын шектеу дұрыс емес деп отыр.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ: «Тәрбие шараларына, мемлекет шараларына қосуымыз керек. Бізге аудан, облыс башылары айтады. Статусын айтады. Мұғалімдер қай кезде болмасын мемлекетшіл адам болды. Неге олар «Таза Қазақстанға» қатыспауы керек. Мемлекеттік шараларға қатыспауы керек. Соңғы кездері сондай болды. Тимеңдер, депутаттар осылай деп жатыр деп. Мен Асхат Қанатұлына толық қарсы шықпаймын. Әрине, қарайық. Кезінде ұсынған екенмін деп, қате жүйені қолдай беру дұрыс емес».
Халық қалаулылары білім саласындағы мәселелерді екінші оқылымда тағы да пысықтап, нақты шешім қабылданатынын айтты. Айта кету керек, көптеген елді мекендерде білім беру ұйымдарының ғимараттары ескірген, жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілмейді, сондай-ақ заманауи жабдықтар жетіспейді дейді мамандар.
Ал, жаңа жүйе енгізілсе, әкімдіктер осы мәселелерге тікелей жауап беріп, қаржыландыру мен инфрақұрылымдық жұмыстарды өз деңгейінде үйлестіруге мүмкіндік алады дейді депутаттар.
Нұргүл Жолымбетова






