Ордабасылық оқушы «Ақылды сөмке» жасап шықты

93

Төрткүл ауылының 11 жасар тұрғыны «Ақылды сөмке» ойлап тапты. Оның артықшылығы өнертабыс пульттың басқаруымен жүреді. 5 сынып оқушысы Айтуар Советбек былтыр жол апатына түсіп, дәрігерлер бүлдіршінге ауыр зат көтеруге тыйым салған екен. Сондықтан алғыр бала өзіне арнап, ыңғайлы сөмке жасап шыққан. 

Түркістандық 11 жасар оқушы «Ақылды сөмке» жасап шықты. Жас өнертапқыш Айтуар Советбек осыдан 1 жыл бұрын жол апатынан зардап шегіп, дәрігерлер оған ауыр зат көтеруге тыйым салған. Тіпті үйден оқытуға кеңес берген. Алайда алғыр бала үйінде жатпай мектепте білім алу үшін өзіне арнайы сөмке жасап алыпты. Оның айтуынша өзі жүретін құрылғы 5 кг-дейін затты көтере алады.

Айтуар Советбек, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Мен жол апатына түскен соң, ауыр зат көтеруге рұқсат бермеді. Сондықтан осындай ақылды сөмке жасап шықтым. Мен бірнеше материалдан жасап көрдім, маған ең тиімдісы осы МДФ материалы болды. Менің бұзылып қалған машинам бар еді. Соны өңдеп, МДФ материалға жалғап осы сумканы жасап шықтым»


Өнертабысын Айтуар алғашында   «Айту Kz» деп атапты. Сонымен қатар соңғы модельді жасап шыққанға дейін бірнеше материалды сынап көрген. Соңында анасы Нұргүл Игілікованың көмегіне жүгініп, жеңіл әрі ыңғайлы туындыға қол жеткізген. Анасының сөзінше Айтуар үйде қолданылмай тұрған заттарға екінші өмір сыйлап, оларды кәдеге жаратқанды өте жақсы көреді.

Нұргүл Игілікова, анасы: «Баламнан осындай жасасам деген ұсыныс түсті. Ол менің өзімнің мамандығыма келіп тұрған соң, оң жамбасыма келіп тұрған соң әрі дамыта кеттім. Бірінші қораптан жасадық. Бірақ ерсілеу көрінді. Кейін алманың пластик жәшігінен жасап көрдік. Бірақ оған жүретін қондырғыны қоя алмадық»

Биыл білімді жеткіншек Төрткүл жалпы орта мектебінің 5 сыныбын тәмәмдады. Соған қарамастан жаңа дүние жасап, ғылымға деген құлшынысы жоғары. Ал мектеп әкімшілігі осындай жастарға көп қолғабыс беретінін айтады.

Айгүл Әбу, «Төрткүл жалпы орта мектебі» директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары: «Айтуар сынды өнертапқыштыққа бейін оқушыларымыз көп. Наурыз айында үлкен семинар өткізілді. Сол семинарда өнертапқыш оқушыларымыз өз туындыларын көрсете алды»

Небәрі 11 жастағы Айтуар сегіз қырлы бір сырлы бала. Ол ота жасатқанға дейін қазақ күресімен айналысқан. Ал қазір волейболмен шұғылданады. Оған қоса музыкалық аспапта ойнап, ән шырқауда алдына жан салмайды.