Төрткүлде жол жиегінен табылған кәмелет жасқа толмаған қыздың ісіне нүкте қойылды. Сот іс бойынша үкім шығарып, Өзбекстан азаматын өмір бойына түрмеге жапты. Мәселенің мән-жайын толығырақ алдағы сюжетте айтамыз.
Сот Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында жол жиегінен денесі табылған 16 жасар қыздың өлімі бойынша үкім оқыды. Іс бойынша айыпталушы ретінде 38 жастағы Өзбекстан азаматы танылған. Ол Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы, «Зорлау» бабы және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен кінәлі деп танылып, өмір бойына түрмеге жабылды.
Бұдан бөлек сот сотталушыдан жәбірленушіге моральдық өтемақы ретінде 50 миллион теңге өндіруді міндеттеді. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша ауыр түзеу мекемесінде өтейтін болды. Сотталушы мен жәбірленуші тараптың сот үкімімен келісетіні не келіспейтіні беймәлім. Іс сотта жабық қаралды.
Қайғылы оқиға биыл 6 маусымға қараған түні болған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, қыз өз отбасының дүкенінен үйіне шығып, жоғалып кеткен. Үйіне оралмаған оны туыстары мен ауылдастары полициямен бірге түнімен іздеп, таппаған. Таңертең полиция оның денесін жол жиегінде орналасқан балабақша қоршауының маңынан тапқан.
Ауыл тұрғындары қыздың денесі табылған күні марқұмның отбасының дүкені жанында орналасқан наубайханада жұмыс істейтін еңбек мигрантын полицейлер ұстағанын айтқан еді. Артынша ауылда байланыс үзіліп, күзет күшейген. Көп өтпей ауылда жалданып жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттарының бәрі Төрткүлден шығарылған.
Дилара Иса






