Шымкент: Alpha sky тауар тасымалдаушы әуе компаниясының кеңсесі ашылды

36

Шымкентте жүк тасымалымен айналысатын су жаңа Alpha sky компаниясының кеңсесі ашылды. Олар ыңғайлы әрі кең ұшақтар арқасында тез бұзылып кететін ет өнімдерінен бастап, автокөлік бөлекшектеріне дейін экспорттауға мүмкіндік береді. Әуе компаниясы жергілікті кәсіпкерлердің тауарын әлемнің кез келген нүктесіне жеткізіп, қажет затты әкеліп те бере алады.

Енді шымкенттік кәсіпкерлер тауарларын тікелей шетелге экспорттай алады. Еліміздің үшінші мегаполисінде ең жылдам әрі кең Boeing 737 ұшағымен әуе жүктерін тасымалдайтын Alpha sky авиакомпаниясының кеңсесі ашылды. Ұшақ +4-тен +29°С-қа дейінгі температураны сақтай алады. Соның арқасында алуан түрлі тауарларды, тіпті тез бұзылатын тамақ өнімдерін: ет, кондитерлік өнімдер, маусымдық жемістер мен көкөністерді тасымалдауға мүмкіндік бар.

Гүлжан Жәнібекова, Alpha sky компаниясының директоры: «Біз жергілікті кәсіпкерлерге мүмкіндік жасағымыз келді. Оларға Таяу Шығыс, Үндістан, Қытай нарығына шығуға жол ашуды ойладық. Осылайша өзіміздің елде экспорттың дамуына үлес қосқымыз келеді. Қаламызда әлеуетті тұтынушыларымыз да, тапсырыстар да бар».

Alpha sky ең жоғары қауіпсіздік стандарттарын қолданып, жайлы экспорт аймағын құруға керемет мүмкіндіктер ұсынады. Бүгін әуе компаниясы ғимаратының тұсаукесеріне авиация саласының өкілдері, Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкерлері, «Әуезжай Шымкент» кеден бекеті мамандары мен қалалық әуе айлағының өкілдері қатысты.

Сакен Мамырбеков, «Аэропорт Шымкент» АҚ-ның төраға орынбасары: «Жүк рейстерін ашу қазіргі уақытта экономикалық белсенділікті жақсартады. Қазір халықаралық жүктерді өңдеу үшін уақытша сақтау қоймасын ашу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар болашақта жүк тасымалдау саласын дамытатын боламыз».

Еркебұлан Тұрлыбеков, «Әуезжай Шымкент» кеден бекетінің бас маманы: «Қазір барлық жүк Алматы қаласындағы әуежайға келеді. Ал біздің кәсіпкерлер өз тауарларын тікелей Шымкентке келгенін қалайды. Тұрғындарға әуежай аумағында тәулігіне 24 сағат қызмет көрсететін кеден бекеті бар. Онда транзиттік және экспорттық-импорттық операциялар бойынша кез келген тауар түрін кедендік ресімдеуге мүмкіндік жасалған».

Жаңа компания тұсаукесері аясында Alpha sky авиакомпаниясы мен «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арасында меморандумға қол қойылды. Екі жақты келісім компанияларға жүк тасымалы саласында ынтымақтастық орнатуға және әлеуетті экспорттаушыларды табуға мүмкіндік береді.

Айбек Сағынаев, «QazTrade» АҚ бас директорының орынбасары: «Шағын және орта бизнес субъектілері өз жүктерін сенімді сақтауға және оны шетел нарығына шығаруға мүмкіндік алады. Біз шағын бизнес иелерінің аз көлемде тауар тасымалдайтынын білеміз. Десе де ол үшін қомақты қаржы кетеді. Сондықтан логистикалық кедергілерді шешу үшін көлік компанияларымен ынтымақтастық орната отырып, ыңғайлы механизм қалыптастыруға мүмкіндік жасаймыз деген үміттемін».

Alpha sky әрбір тұтынушыға жеке қызмет көрсетеді. Компанияның Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Ал тәжірибелі ұшқыштар тіпті ең шалғай аймақтарға да жүктерді жылдам және қауіпсіз жеткізіп береді.

Мекен жайы: Бакбаев көшесі, 51/1 (Шымкент қаласының әуежайы) CIP ғимараты, 1 қабат.
Байланыс нөмері: +7 702 267 6097