Тағы бір қаржы пирамидасы анықталды

5

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті «Sincere System Group»  компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Олар қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікке ілініп отыр.

Агенттіктің ақпаратында компания өкілдері салымшыларға айына 6%-дан 8%-ға дейін немесе жылына 70%-дан астам кірістілікке уәде бергені айтылған. Депозиттің ең төменгі сомасы 100 долларды құраған. Басқа салымшыларды тартқан жағдайда соманың 5% мөлшерінде кепілдендірілген кіріс қарастырылған.
«Бұл ретте клиенттерге ақша қабылданғанын растайтын құжаттар мен келісімдер ұсынылмаған. Салым сомасы жеке кабинетте цифрлық түрде көрсетіліп, салынған қаражатты алу мүмкіндігі болмаған», – дейді агенттіктегілер.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.