Түркістан облысында аудан әкімдеріне тәртіптік жаза көрілді

47

Түркістан облысында қалалар мен аудандарда демалыс орындары қараусыз қалған. Ал ағаштар мен көгалдар қураған. Сондықтан жауапты мамандар мен әкімдерге тәртіптік шара көрілді. Ал олқылықты жөндеуге уақыт берілген.

Түркістан облысында 8 аудан мен қалада тазалық жұмысы дұрыс жүргізілмеген. Онда ғимараттардың сыртқы келбеті ескіріпті. Ал ағаштар қурап, демалыс орындары қараусыз қалған. Сондықтан жауапты мамандар мен әкімдерге тәртіптік шара көрілді.

«Қазіргі таңда кейбір жұмыстардың атқарылмай жатқаны белгілі болды. Түркістан мен Кентау қаласы, Мақтарал, Жетісай, Сайрам, Ордабасы, Түлкібас, Сауран аудандарында олқылықтар болды. Әкімдер мен жауапты мамандар тәртіптік шараға тартылды»,-деді облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Мадияр Әліпов.

Қазір аудандарда тазалық сақтау, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына мониторинг жүргізіліп жатыр. Сондықтан облыс басшысы әкімдерге апта сайын жергілікті аймақты көркейтуде атқарылған жұмыстардың қорытындысын өткізуді тапсырды.

«Санитарлық тазалық мәселесі біраз уақыттан бері айтылып келеді. Тапсырмалар берілді. Бірақ бұл саладағы жұмыста әлі де бірізділік жоқ. Жүйелі жұмыс керек. Тазалық бар жерде ғана береке болады. Елдімекендерді абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау жұмыстары жалғасуы тиіс»,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Аудан әкімдеріне абаттандыру бойынша кеткен кемшілікті жөндеуге уақыт берілді. Егер қайта қайталанса, атқамінерлерді тиісті жауапкершілікке тарту көздеріп отыр.