Шымкентте лауазымды полицейдің қызметтік көлігін «ұлы» айдап жүрген

335

Шымкентте лауазымды полицейдің қызметтің көлігін жас жігіт айдап жүрген. Оның видеосы әлеуметтік желіде пайда болды.

Бейнежазбаны қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің Facebook парақшасында жариялады. Автордың мәліметінше, полицияның қызметтік көлігін мінген жігіт лауазымды тәртіп сақшысының ұлы көрінеді.

«Әкесі полицияда жұмыс істесе, баласы полиция көлігін мініп, талтаңдай беруге болады ма сонда? Адам қағып, мерт қылса не болар еді? Тағы да Шымкент! Бұл жолы полиция қызмет көлігін белгісіз жас жігіттер зуылдатып мініп жүр… Бұл көлік — жеке меншік емес, мемлекеттің мүлкі! Сосын бұл көлікке құйылатын бензин де мемлекет есебінен, яғни Сіз бен Біздің — халықтың салығынан құйылады!» деп жазды автор.

Видеодан мотоцикл (мүмкін мопед: авт) мінген ер азамат көше бойында кетіп бара жатқан полиция көлігінің соңынан жүріп, тоқтатқанын көруге болады. Көлік ішінде жүргізушіден бөлек тағы бір жас бала отыр.

Қызметтік көлікті тізгіндеген жас жүргізуші жасы 18-де екенін, алайда бұл көлікті тізгіндеуге рұқсаты жоқтығын ашып айтады. Көлік жүргізу куәлігі туралы сұрағанда «Видеоны өшіре салыңызшы» деп көлікті тізгіндеп кетіп қалады.

Шымкент полициясы видеодағы жас жігіт қалалық Полиция департаментіне қарасты басқарма басшыларының бірінің туысы екенін растады.

«Қаратау аудандық ПБ қызметкерлері лауазымды тұлғаға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 5-бөлігі «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы» бойынша әкімшілік хаттама толтырғанын хабарлаймыз» делінген ресми мәліметте.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша Шымкент қаласының ПД жеке құрамы бойынша инспекция қызметтік тергеу жүргізуде. Оның нәтижелері бойынша атқаратын лауазымынан шеттетілгенге дейін тәртіптік ықпал ету шаралары қабылданатын болады.