Шымкентте ҚР Әлеуметтік кодексі шеңберінде жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсететін сыйымдылығы аз алғашқы шағын үй ашылды.
«Болашақ» ақпараттық-оңалту орталығында психоневрологиялық ауытқуы және тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық негізде әлеуметтік оңалту шаралары көрсетіледі. Пилоттық жоба ерекше балаларға сыйымдылығы аз үйлерде толық қанды тегін ем қабылдауға мүмкіндік береді.
-Жобаны іске қосу мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына үлкен көмек болып отыр. Өйткені олар балаларын осында күндіз сегіз сағатқа қалдырып, өздері жұмысқа шыға алады. 20 орынға есептелген орталықта балалар үш мезгіл тамақ және көлік тасымалымен қамтылған. Сыйымдылығы аз үйлерді ашудың нәтижесінде стационарлық мекемелерде қызмет алып жатқан бүлдіршіндер өз отбасыларына оралады. Ерекше балалардың күтімінде әсіресе ата-аналарының аялы алақаны, бауыр еті баласына деген ыстық махаббаты жанға дауа,-дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына басқарма басшысы Балмаржан Полатқызы.
Әлеуметтік кодекс шеңберіндегі пилоттық жоба Алматы, Астана және Шымкент қалалары мен Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды мен Түркістан облыстарында жүзеге асырылады.
Жалпы Шымкент қаласы бойынша бүгінде 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген болса, оның 8 мыңға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс істейді. Онда 1 мыңнан астам маман қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері 3065 адам оңалту шараларымен қамтылған. Оның ішінде 936 азаматқа әлеуметтік қызметкерлер үйлеріне барып қызмет көрсетеді.