Төлеби ауданында баспана мәселесі кезең кезеңімен шешіліп келеді

68

Түркістан облысына қарасты аудандарда қолжетімді бағадағы тұрғын үйлер салынуда. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты. Өңір басшысы тұрғындардың баспанаға қатысты сауалдарына жауап беріп, қандай үйлердің тұрғызылатыны жайлы айтты.

Қолжетімді баспана бағдарламасы алғашында Ордабасы ауданы Темірлан елдімекенінде бастау алған. Қазір онда жеке кәсіпкер есебінен 70 га жерде 22 тұрғын үй салынып жатыр. Бұл үйлер алдағы уақытта Отбасы банк арқылы берілетін болады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бізде 8 апатты үйге 3 үй соғып беріп жатырмыз 5 қабатты. Одан басқа бізде бағдарлама бойынша былай жоспар жоқ. Дегенмен бізде арнайы қаржы бар. Қателеспесем, құрылыс басқармасы арқылы өтеді. 1 Пәтерге 9,6 млн тг қаржы бөліп отыр. Ол деген әлеуметтік жағынан төмен азаматтарға бағытталған. Ендігі жылы оған 14 млн астам қаржы бөлініп отыр. Сол бізде әрбір аудан бойынша квота бар».

Биыл ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ленгір қаласында 20 пәтерлі 9 тұрғын үй салынып, 180 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар осы жылы тозығы жеткен су жүйелері жөндеуден өтіп, ашық су көздеріне су тазалағыш қондырғыларын қоюға 1,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 9 нысанда жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған шаралар нәтижесінде аудан халқы 100 пайыз ауыз сумен қамтылады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Аудан табиғаты туризмді дамытуға қолайлы. Қазір бұл салада да бірқатар жұмыстар жүріп жатыр. Құны 3,4 млрд тг құрайтын 5 ірі туристік нысан ашылды. Оның ішінде Кеме қалған а.о «Алматау» демалыс  орны кеңейтілді. Жоба құны 2,5 млрд теңге дейді. Осы жылдың көктем айларында бардым. Таныстым. Үлкен заманауи нысанның құрылысы жүргізілді. Спорттық кешен деп айтсақ болады. 2,5 млрд тг ғана. Бюджеттен соғатын болсақ кемінде 5 млрд теңге болатын еді. Жекеменшік өз қаржысына салған соң 2,5 млрд болып отыр».

Айта кетейік, Төлеби ауданы аумағында кезең кезеңімен жаңа құрылыс нысандары соғылып жатыр. Жайлы мектеп жобасы аясында 4 мектеп бой көтеру жоспарлануда. Сондай-ақ 5 медициналық нысан салу көзделуде. Биыл ауданда 200 орындық мектеп, Ленгір қаласында 80 орындық оқушылар үйі салынуда.