Жеңілдетілген несие алған жас кәсіпкер айына 2 млн. теңгеден астам табыс табуда

30

Қаланың 29 жастағы тұрғыны Жасұлан Нұршымыр жиһаз жинаумен айналысады. Жастайынан осы кәсіпке араласып, жиһаз дайындайтын цехтарда жұмыс істеп келген. Осыдан екі жыл бұрын жеке шеберханасын ашқан. Тынымсыз еңбек нәтижесін беруде. Жас кәсіпкер биылғы жылдың мамыр айында 5 миллион теңге көлемінде жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алған.

 Қаражатқа шеберхана жұмысын өндіретін, қосымша үстелдерге ою-өрнек жасайтын құрал-жабдық сатып алған.
-Бұған дейін ою-өрнекті басқа цехтарда ақысын төлеп жасататын едім. Енді барлығын өзіміз жасаймыз. Шеберханама қосымша 5 адамды жұмысқа қабылдадым. Оларға орташа есеппен айына 200 мың теңге көлемінде жалақы төлеймін. Жұмыс істеймін дейтін адамға барлық мүмкіндіктер бар. Бастысы еңбекқорлық қажет,- дейді Жасұлан Нұршымыр.
Жас кәсіпкер жиһаздарын әлеуметтік парақшаларында жарнамалап, көтерме бағамен сатады. Тауарларды көбінесе дүкендер желісі сатып алады. Қазіргі таңда Шымкенттен бөлек Алматы, Қызылорда және Орал қалаларынан тапсырыс тар көп түсуде.
 Жалпы, Шымкентте биыл 261 адамға жастарға арналған шағын несие беру жоспарланған. Бүгінгі таңға комиссия мүшелері 278 құжат қарап, 129 азамат оң қорытынды алған. Оның ішінде 52-не несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін бастап үлгерген. Жастарға арналған жеңілдетілген несие 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарға арналған.
 Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені , мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Мемлекеттік қолдау жас кәсіпкерлердің кәсібін дөңгелетуіне зор мүмкіндік. Өтінімді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет.
Мекен-жайы: Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы, Қонаев даңғылы, 3/3.