Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық сәтті жұмыс істеп келеді

32

Шымкентте кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық жұмыс істейді. Бұл бастама мемлекет басшысының бизнеске арналған үкімет құру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылған. Көпфунционалды мекеме заңды тұлғаларға 1000-ға жуық қызмет түрін ұсынады.

Жас кәсіпкер Әділет Сәрсенбай бизнес иелеріне қызмет көрсету орталығына бүгін бірінші рет келіп отыр. Мақсаты – жеке кәсібін тіркеу. Ең бастысы мұнда ұзын-сонар кезек жоқ, сонымен қатар кәсіпті өркендету бағытындағы сауаттылықты арттыру бойынша мамандардан кеңесті тегін алуға болады,- дейді, жас кәсіпкер.

Әділет Сәрсенбай, жас кәсіпкер: «Бұл кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығына ЖК тіркеуге келдім. Бұл жердің қызметкерлерінің қызметі маған ұнады. Бұл туралы ақпарартты орталық халыққа қызмет көрсету орталығынан білдім. Ол жақ мені осында жіберді. Бұл  жерде халық аз және кезек аз. Келген жұмысымды уақытылы әрі саппалы тындырып кете аласың».

Үшінші мегаполистегі қалалық кәсіпкерлер палатасы жанындағы көпфункционалды қызмет көрсету орталығы 3 айдан бері сәтті жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында 2000-нан астам азаматқа қызметін ұсынған.

Атап айтқанда, мамандар қаржылай емес қолдау көрсету, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы, «Кәсіпке бағыт» құралы бойынша келушілерге қызмет көрсеткен. Қазіргі уақытта бұл пилоттық жоба республикалық маңызы бар қалаларда ғана бар.

Сабира Адамбекова, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры: «Бұл жерде кәсіпкерлер тек кеңес алып қана қоймай, барлық мемлекеттік қызметтерді заңды тұлғаларды тіркеу, мүлікті заңдастыру, лицензия алу, рұқсат құжаттарын алу, т. б қызметтерді ала алады. Яғни, кәсіпкер бұл орталыққа келгеннен кейін ХҚКО бару қажеті жоқ. Себебі барлық қызметтерді осы орталықтан бір терезе қағидасы арқасында алуға мүмкіндігі бар».

Орталыққа кәсібін бастағысы келіп жүрген, бизнес идеясы бар азаматтар да келе алады. Мұндағы мамандар болашақ кәсіпкердің бизнес жобасын қаржыландыру жолын және оны іске асыруға дейінгі бар кезеңде кешенді қолдау білдіреді. Жұмыс істеу уақыты дүйсенбі – жұма аралығында таңғы 09:00-  ден кешкі 18:00-ге   дейін.