Келестік ерекше жан тігіншілікті қолға алған

53

Келесте ерекше күтімді қажет ететін кәсіпкер тігін тігумен айналысады. Ол қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастаған. Енді «Ауыл аманаты» негізінде жеңілдетілген несие алып, бизнесін кеңейтпек. 

Мүмкіндігі шексіз жан. Келестік азамат нәресте кезінде қатты сырқаттанып, сөйлеу қабілетінен айырылған. Қазір 3 топ мүгедектігі бар Әбдіжаппар Махмұтбеков қарап жатпай өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Жас кәсіпкер қолөнерді жанына серік еткен. Ол қаламыздағы №5 колледжде тігінші мамандығын оқып, бүгінде құрақ құрап, киім және ат жабыдықтарын тігумен айналысады.

Әбдіжаппар Мұхмұтбеков, кәсіпкер: «Кішкентайымнан тігінге қызығып өстім. Колледжді бітірген соң өзімнің кәсібімді аштым. Енді 5 млн. несие алып, өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға ниеттімін»

Анасының айтуынша, бала Әбдіжаппар өте зерек болған. Кішкентайынан сызу мен дизайнға қызығыпты. Арасында анасына қолғабыс жасап, көрпе тігуге де көмектесіп жүрген. Жұлдыз Әдеева ұлының кейін осы салаға толық бет бұрып, қазір табыс тауып отырғанын айтады.

Жұлдыз Әдеева, анасы: «505 мың теңге алып, соған тігін машиналарын алып кәсібін бастады. Ал Әбдіжаппар 4 жасында сурет салуға қызыға бастады. Өзінің жыртықтарын өзі тігіп алатын еді. Жыртық киім кимейтін. Егер мен көрпе қабысам, көрпемді қабысатын».

Қазір жас кәсіпкер «Ауыл аманаты» арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айнұр Мұталиева, «Turkistan» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Келес аудандық бөлімінің басшысы: «Жастар бағдарламасы мен «Ауыл аманаты» жүріп жатыр. Соның 6 бағыты бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады. Басты талап кепіл затының болуы. Ол Қазақстанның кез келген өңірінен бола береді. Міндетті түрде бизнес жоспарын дайындап, өткізу керек. Егер Жастар бағдарламасымен қатысса 5 млн, «Ауыл аманаты» бойынша қатысса 8 млн, 6 мың теңге көлемінде ала алады»

Айта кетейік, Келес ауданында «Ауыл аманаты» бойынша 132 адамның өтінімі мақұлданған. Оның ішінде 90 кәсіпкерге 449 млн. теңге көлемінде қаражат аударылды.