Полициядан қашамын деп қоршауға соғылып, ұсталды

26

Полиция қызметкерлерінен қашпақ болған есірткі қоюшылар құрылысы аяқталмаған жеке учаскенің қоршауына соғылып, ұсталды. Аталған жайт Қаратау ауданы Қайтпас-1 ықшам ауданы тұрғындарының өтініші бойынша арнайы жүргізілген рейд барысында орын алды.

Шара кезінде Volkswagen Polo мінген 2 жас жігіттің қимылы күдік тудырған. Полиция қызметкерлерін байқаған жігіттер бірден қашуға әрекеттенген. Нәтижесінде құрылысы аяқталмаған үйдің ауласына кіріп, учаскенің қоршауына соғылған.

Бауыржан Карбеков, Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі: “Полиция қызметкерлері жолды жауып тастаса да  жеке учаскені қоршап тұрған қоршауға соғылған. Тексеру кезінде есірткі қоюшылар көлікті өзінің жұмысы үшін жалға алғаны анықталды. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты оларды 10 жылдан 15 жылға  дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр”.

 

Жедел тінту кезінде көлік ішінен ақ ұнтақ тәрізді заттары бар 30-ға жуық орама анықталды. Сараптама нәтижесі оның 30 грамдық синтетикалық мефедрон екенін көрсетті.

Аталған жайт бойынша ҚК 297 бабы 3 бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал сезіктілер полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кетейік, 1 маусымнан бастап Шымкент қаласы аумағында республикалық “Қарасора – 2023” арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Полицейлер жоспарға сәйкес қаладағы барлық жерлерде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Профилактикалық шара 31 қазанға дейін жалғасады.