Шымкентте оқушыларға тегін тамақтың орнына 458 теңге беріледі

49

Шымкенттік оқушылар тегін тамақтың орнына күніне 458 теңге алады. Жергілікті ата-аналар білім басқармасының бұл қаулысына қарсы. Себебі олар бұл қаржы баланың ішіп-жеуіне жетпейтінін айтады. Алайда жауаптылар, айтулы шешім жемқорлықпен күресудің жалғыз амалы деп сендірді.

Осыдан он шақты күн бұрын Шымкентте оқушыларға берілетін тегін тамақтың орнына ата-ананың шотына күніне 458 теңге аударылады деген ақпарат шыққан болатын. Бұл шешімге ата-аналар қарсы. Себебі кейбірінің банкте берешегі болғандықтан есеп шоты бұғатталып, айтулы қаржыны ала алмай қалған. Ал енді бірі айына берілген 10 мың теңге 1 балаға жетпейтінін айтып отыр.

«500 теңге жетпейді. Не ол 500 теңге? Ең кемінде 2 мың теңге болу керек. Үкіметтен тамаққа»

«Негізінде жеткіліксіз. Қазір нарық көбейген. Баға шарықтап тұр. Өздеріңіз де түсінесіздер. Сол себептен ол аз деп санаймын. Бала басына»- дейді қала тұрғындары.

Қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы білім басқармасының бұл шешімі ақылға сыймайтынын айтады. Сөзінше, қазір нарық бағасы тұрақты емес, кез келген күні азық-түлік қымбаттап кетуі мүмкін. Салдарынан 458 теңгеге ештеңе ала алмаған бала аш қалады дейді.

Өмір Шыныбекұлы, қоғам белсендісі: «Ертең азық-түлік қымбаттап кетсе не болады? Кеше ғана чатта макарон өнімдері, ұн қымбаттады деп жатыр. Енді 2-3 айдан кейін энергия көздері қымбаттаса, онда бірден азық-түлік қымбаттап кетеді. Сол кезде ол 500 теңге қайсыбіріне жетеді? Оны кім ойлап тапқанын мен білмеймін. Кім ойлап таспа да өте қате шешім».

Қоғам белсендісінің бұл уәжіне ҚР Оқу-ағарту министрлігіндегі Балалардың құқығын қорғау комитеті де пікір білдірген.

Ал Шымкенттің бас педагогы бұл шешім, жемқорлықпен күресудің ең дұрыс жолы деп отыр. Себебі соңғы кездері білім ошақтарындағы тағамға ана-аналар тарапынан түскен арыз-шағымның саны артқан.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Шымкенттегі прокуратура бар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бар, ІІМ қарасты мекемелер бар. Осы баланың тамағына жауапты көптеген құзырлы органдардың тікелей бірлесе отырып қабылдаған шешім негізінде ашықтық, тазалық, ата-ананың тікелей қадағалау мүмкіндігіне ие болу жолдары есепке алынды»

Шымкент бойынша 114 жеке меншік мектеп бар. Ондағы бастауыш сыныптарда 20 мыңдай бүлдіршін білім алады. Оларға мемлекеттен қанша қаражат бөлінгенін басқарма басшысы ашып айтқан жоқ.