Байлық және сән-салтанат салығы: Қандай мүлікке салынады?

11
фото thailand-good.ru

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров байлық және сән-салтанат салығын салу тәртібін түсіндірді. Ондай салық яхталарға, жеке ұшақтарға және жылжымайтын мүлікке салынады.

«Оның жиынтық құны 130 мың айлық есептік көрсеткіш (2023 жылда – 448,5 миллион теңге) шегінен асқан жағдайда салықтың жоғары мөлшерлемелерін белгілеу ұсынылады. Бұдан басқа, қымбат жылжымайтын мүлік объектілері үшін «сән-салтанат коэффициентін» белгілеу бойынша жергілікті атқарушы органдардың кұзыретін белгілеу ұсынылып отыр», – деді Қуантыров сенатта өткен үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, қымбат мүлікті бағалаудың тәртібі бар. Әрбіреуінің нарықтық бағасы негізге алынады.
«Ал коэффицентті біз әлі талқылап жатырмыз. Қандай шкала болады? Әрбір әкімдік өз коэффицентін белгілуі мүмкін. Біз соның бәрін пысықтап жатырмыз. Қазір нақты айта алмаймын. Бірақ байлықтан түсетін салық жергілікті бюджетке түседі», – деп атап көрсетті министр.
Әрбір өңірде сән-салтанат коэффициенті әртүрлі болуы мүмкін.
«Адам ол мүлікті кредитке алса да, салықты төлейді. Мәселен, 200 мың доллар тұратын көлікті алайық. Егер адам оның сатып алса, ал соманың бір бөлігін кредитке алса, бәрібір сән-салтанат салығын төлеу керек», – дейді Қуантыров.