Егер ұялы телефон тауып алсам, оны өзімде қалдыра аламын ба? Заңгер кеңесі

364

Егер сіз көшеде немесе қоғамдық орында (тағы да басқа орындар) ұялы телефон тауып алсаңыз, оны өзіңізде қалдыруға бола ма? Бұл сауалға редакция заңгері Венера Нұрғалиқызы жауап берді.

Заңгердің айтуынша, ұялы телефонды (немесе өзге де олжа) өзіңізде сақтай аласыз, бірақ қолдана алмайсыз. Статистикаға сүйенсек, мүліктік қылмыстардың үштен бірі телефон ұрлығына байланысты. Мұндай олжаны тапқаннан кейін бәрі они қайтаруға тырыспайды. Мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Бірінші кезекте сіз олжа мен ұрлық арасындағы айырмашылықты нақты түсінуіңіз керек. Табылған олжа – кездейсоқ бір азаматтың қалтасынан абайсызда түсіп қалған зат. Яғни, бұл ұрлыққа жатпайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабына сәйкес сіз сол жоғалған заттың иесін тауып, оған хабар беруіңіз қажет. Егер табылмаған жағдайда, ішкі істер органына хабар беріп, тауып алған затты соларға өткізу қажет.

«6 айдан кейін жоғалған заттың иесі табылмаса, тауып алған адам меншік құқығына ие болады. Яғни, оны өзіне қалдыра алады. Ал егер тауып алушы тапқан затын меншiгiне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншiкке өтедi»,-деді заңгер. 

Тағы бір ескеретін жайт, егер тауып алған заттың иесі анықталса, сіз ол адамнан зат құнының 30 пайыз мөлшерiнде сыйақы алуға құқылысыз.