Түркістан облысы, Келес ауданындағы №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гаухар Бахадырова Испанияның Кадис қаласындағы «Erasmus Mundus» университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алған. Қазіргі таңда 4 перзент тәрбиелеп отырған көп балалы ана білім ордасында «Conversation club» жұмысын жүргізеді.
Клуб мақсаты – тілдік ортаға ену, қарым-қатынас, кітаптарды, жаңалықтарды, фильмдерді, ойындарды талқылау және осының барлығын ағылшын тілінде жүргізу. Клубқа оқушылармен бірге ұстаздар да қатыса алады. Әлеуметтік желіде өзінің жеке блогын жүргізетін білікті педагог ағылшын тіліне кішкентай кезінен қызыққандығын айтады:
– Тіл үйренушілердің сөйлеу дағдысын жетілдіруде мұндай клубтардың маңызы зор. Алғаш рет 5 сыныптан бастап ағылшын тілі сабақтарында эссе жаза бастадық. Кейіннен мамандандырылған мектепте білім алдым. 10-11 сыныпта оқып жүргенімде американдық волонтер Сара Ван Элизабеттің шәкірті болдым. Бос уақытымда мектебіміздің хор ұжымында мүшемін, волейбол ойнап тұрамыз. Жалпы ұстаздық жолды таңдағанымды мақтан тұтамын, – дейді мектеп мұғалімі.
Айта кету керек, қазіргі таңда 7 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімнің шәкірттері Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, білім беру гранттарын иеленіп келеді. Ал педагогтің өзі білім беру саласына қосқан үлесі үшін бірнеше марапатқа ие болған.