Келестегі ауыл мұғалімі авторлық бағдарлама жасақтаған

27

Келес ауданына қарасты Ащыкөл ауылындағы №62 Н.Шойбеков атындағы жалпы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Феруза Шаншарова «Тәлімгер» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Авторлық бағдарлама жазудың әдістемесі тақырыбында тренерлік» курсын 1 ай көлемінде оқып, 8-сынып математика пәнінен «Мәтінді есептерді шешу» тақырыбында Авторлық бағдарлама жазған.

Ол бұл жұмысты оқу жылының жазғы демалыс уақытында жеке ізденісінің арқасында жасақтаған.
– Аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан №62 Н.Шойбеков атындағы жалпы орта мектепте математика пәні мұғалімі болып 25 жылдан бері жұмыс істеймін. Категориям – сарапшы мұғалім. 2024 жылы көктемде категориядан қайта өтетін болған соң, жазда жеке ізденісімнің нәтижесінде «Авторлық бағдарлама жазудың әдістемесі тақырыбында тренерлік» курсының сертификатына ие болдым. Сол курсты оқып жүргенде «Тәлімгер» ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Медет Қондыбайдан Түркия елінде өтетін семинарға қатысуға ұсыныс алдым. Семинар Ыстамбул қаласындағы «Gelisim» университетінде өтті, тақырыбы «Etkili Iletisim» яғни, «Тиімді оқыту» – деген мағынаны береді. Семинарды PSD Доктор Чагла Илхом өтті. Алған әсерім өте күшті, әрі пайдалы болды, – дейді Феруза Абдумаликқызы.
Өмірінің ширек ғасырын ұстаздық жолға арнаған Феруза Абдумаликқызы шет мемлекеттегі семинардың арқасында жаңа достар арттырып, жастармен пікірлесіп, тәжірибе жинақтағанын жеткізді.
– Түркиядағы сапарымыз өзінің сондай жылылығымен, шынайылығымен ерекше болды. Себебі, тобымыздың жартысы жастар, жас педагогтар, ал жартысы «әдемі жастағы» тәжірибелі (қай жағынан алсақ та) мен сияқты әріптестер болды. Жастар бізді өмірге, жұмысқа жаңаша көзқарастарымен өзгертті дей аламын. Жылдам ойлау, шешім қабылдау, өз еңбегіңді бағалау, тіпті әдемі киіну жалғастыра беруге болады. Жаңа форматтағы жас мұғалімдермен пікірлесу «Босфор» бұғазының жағасында тұрып өз тәжірибең жайлы ойлану, болашаққа бағдар жасау керемет әсер сыйлады, – деген мектеп мұғалімі Түркия елінде өткен семинар арқылы өмірге, жұмысқа жаңаша көзқарас қалыптастырғанын атап өтті.