Қала әкімі газдан уланып қайтыс болған отбасының туыстарына көңіл айтты

39

Шымкентте жантүршігерлік оқиға орын алды. Ынтымақ-2 шағынауданында бір үйден бүтін бір отбасының мәйіті шықты. Алдын ала ақпарат бойынша, олар көмірқышқыл газына уланып қайтыс болған. Бес адамның өлімінің нақты себебін полицейлер анықтап жатыр. 

Шымкентте бүтін бір отбасы қара жамылды. Қайғылы оқиға Ынтымақ-2 шағын ауданында болған. Алдын ала болжам бойынша, ата-анасы мен үш баласы көмірқышқыл газына уланған болуы мүмкін. Қауіпсіздік шарасы бойынша жүргізілген рейд кезінде газ қызметкерлері қазандықтың жағдайына байланысты бұл үйге газ беруді тоқтатқан екен. Мамандардың сөзінше, үй иесі көгілдір отынды рұқсатсыз өзі қосып алған сыңайлы.

Көршілері қаза болған отбасының үлгілі болғанын, отағасы жарықтандыру саласында, ал анасы дәрігер болғанын айтады. Олардың 2007, 2008 және 2012 жылы туылған екі қыз және бір ұлы болған еді.

«Ешкімнің басына бермесін, оңай емес. Жақында 1 ай болды ау отбасын алып келгеніне. Жаңа естідік біз де жұмыстан келіп, полициялар сұрап жатыр, осындай жағдай болыпты деп. Ешкімнің басына бермесін», — дейді көршісі.

«Өзім жұмыстан қазір келіп едім, қазір біліп отырмын. Өздері жақсы отбасы еді негізінде. Келіншегім хабарласып, осылай болды деді. Ойбу деп келдік осы жерге, адамдар топырлап тұр екен. Бесеу ма, жетеу ма мәйіт шықты деді, алып шықтық деді. жедел жәрдем  алып кетті«, — деді көршісі.

Оқиға орнына дереу «ҚазТрансГаз» АҚ жедел апаттық-диспетчерлік тобы келген. Сараптама барысында мамандар жылыту қазандығының беткі қақпақ жабынының және мұржаның болмауын анықтаған. Сондай-ақ, газ автоматикаға қосылмай, тікелей жалғанған дейді мамандар.

Елдар Қуандықов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ШӨФ өндірістік техникалық бөлім басшысының орынбасары: «2023 жылдың 27 қазанында жедел-жәрдем қызметкерлері тарапынан Ынтымақ-2 мөлтек ауданы Орда көшесінің бойында орналасқан тұрғын үйлердің бірінде көмірқышқыл газынан уланды деген хабар келіп түсті. Оқиға орнына келіп жеткен апаттық диспетчер қызметкерлері жылыту қазандығының беткі қақпақ жабынының болмауын және мұржаның болмауын анықтады. Сондай-ақ, автоматикаға қосылмай, тікелей жалғанған. Осының салдарынан үйде болған 5 адамның көмірқышқыл газымен уланды деген қауіп бар. Аталмыш тұрғын үй 2023 жылдың шілде айында газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбағаны үшін анықталған кемшіліктерге байланысты табиғи газдан ажыратылған болатын».

Қазір үй мөрленген. Бес адамның өлімінің нақты себебін полицейлер анықтап жатыр. Инсайдерлік ақпаратқа сәйкес, қаза тапқандардың денелері әлі мәйітханада. Бұл оқиға бойынша құқық қорғау органдары «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша іс қозғады.

Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі: «27.10.2023 жылы Шымкент қаласында жеке үйлердің бірінде көміртегі тотығымен улану белгілері бар 5 адамның денесі табылды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды»

Қаза тапқандардың туыстарына қала әкімі көңіл айтты. Ғабит Сыздықбеков қажетті көмек пен қолдау көрсетуге уәде берді. Қала басшысы Төтенше жағдайлар департаментіне, газбен жабдықтау қызметтеріне және аудан әкімдігіне мониторинг жүргізу мақсатында кешенді тексеру жүргізуді тапсырды.